Астанада блогер Ерболат Жанабылов ұйымдастырған автокөлік ұтысына байланысты әкімшілік сот қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Істе Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетінің өкілдері сөз сөйледі.
Сотқа комитетке азамат С. тарапынан Instagram желісіндегі Жанабыловтар парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырылғаны жөнінде арыз түскені мәлім етілді. Сондай-ақ бұл дерек туралы Қаржы мониторингі агенттігінен де ресми хабарлама келген.
Комитеттің бақылау сатып алуы барысында блогердің сатылымға шығарған курстары мазмұн жағынан мәлімделген сипаттамасына сәйкес келмейтіні анықталған. Комитет өкілдері блогер әрекеттерінде сатылымды ынталандыру фактісі дәлелденбегенін, сондай-ақ ұтыс жеке аккаунт арқылы емес, корпоративтік парақшада өткізілуі керектігін атап өтті.
Сонымен қатар ведомство мамандары блогердің парақшасында ұтыс ойындары жүйелі түрде өткізілгенін айтты.
Ал блогердің адвокаты сотта комитет іс материалдарымен таныстыру барысында бірқатар заңбұзушылыққа жол бергенін жеткізді.
Министрлік бұған дейін Қазақстан Республикасының “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңының 5-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес, ресми оператор немесе агент болып табылмайтын тұлғаларға лотерея өткізуге және лотерея билеттерін таратуға тыйым салынатынын еске салған еді.
Баспасөз қызметі азаматтарды әлеуметтік желілерде ұйымдастырылатын күмәнді ұтыстарға, “гивтерге” және басқа да шараларға қатысудан сақ болуға шақырды. Ведомство мұндай акциялар заң бұзушылыққа ғана емес, алаяқтық пен қаржылық шығындарға да әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізгендерді тексеретінін мәлімдеген.
Сондай-ақ министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Блогер Жанабылов Астанада сотта қашан жауап беретіні айтылды.