Перизат Қайрат ісі бойынша өткен апелляциялық сот отырысында блогер Олжас Садық сотталушының адвокаты Асланбек Дәулетияровтың айтқан сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Перизат Қайраттың қорғаушысы тәркіленген қымбат бренд заттары мен зергерлік бұйымдарды есепке алмауды сұраған еді. Айтуынша, олардың түпнұсқа екеніне толықтай дәлел жоқ.
Бұған дейінгі сот процестерінде жәбірленуші ретінде танылған блогер Олжас Садық адвокат Дәулетияровтың сөзіне қарсы шықты.
Менің Қайрат Перизаттың адвокатына айтарым бар. Адвокат Перизаттың пәтерінен тәркіленген заттардың түпнұсқа екендігіне күмән келтіріп отыр. Мен өзім Перизат Қайрат Газа секторына гуманитарлық жүкті жөнелтерде мені өзімен бірге Абу-Дабиге ертіп барған болатын. Біз кері қайтар жолда Перизат Дубай моллға соғып, бренд заттарын сатып алды. Оның бәрін мен өз көзіммен көрдім, - деді Олжас Садық.
Еске салайық, бүгін Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотта қайта қаралды. Сот шешімі сағат 17:30-да жарияланады.