BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Алғашқы көзілдірік қашан пайда болған?

Достар, адам дене мүшесінің ішінде көздің рөлі ерекше. Көзіміз арқылы мына ғажайып ғаламатты, әр түрлі қызықты дүниелерді көреміз. Алайда кейбір жағдайларға байланысты адамның көз жанары көрмей қалғанда көзілдірік тағады, кейде күннен қорғану үшін тағамыз. Сол кезде көзілдірік адам баласына ең қажетті дүние болып табылады. Міне, сол көзілдірік жайындағы қызықты мәліметтермен бүгін жіті танысып көрсек, қалай қарайсыңдар?!
    Көзілдіріктің қай уақытта пайда болғандағы жөнінде нақты дерек жоқ. Ол тарих беттерінде түрлі болып кездеседі. Мәселен, ежелгі Грекияда адамдар дөңес және ойыс айналардың ерекшеліктерін байқаған. Сондай-ақ көзілдіріктің күннен қорғауға, оқуға, ұсақ нәрсені ұлғайтып көруге айналған түрлерінің өзіне тән тарихы бар. Ең алғашқы көзді күннен қорғайтын көзілдіріктің Қиыр Солтүстік пен Азияның, сонымен қатар Американың ежелгі тұрғындары ойлап тауыпты. Оларды жануарлардың сүйегінен жасаған екен. Ал, Қытай жерінде ежелде күңгірт көзілдірік (бүгінде күннен қорғайтын қара көзілдіріктердің арғы атасы) пайда болған. Мұндай көзілдірікті Қытайда сот үкімін оқитындар киіпті. Бұл жаза алушылар мен куәгерлер сот үкімін оқитындардың көзінен олардың ішкі жан-дүниесін танып қоймау үшін қажет болған екен.
Ұсақ әріптерді немесе таңбаларды жақындатып, ұлғайтып оқу үшін алғашында бір ғана көзге арналған оптикалық құралдар пайдаланылған. Ал оқуға арналған алғашқы көзілдіріктің пайда болған жері – Италия деп есептелінеді. Себебі, ХІІІ ғасырда венециялық шыны үрлеушілер алғаш рет көзілдірік жасауға арналған түссіз, жұқа және мөлдір шыныларды ойлап тапты. ХІҮ ғасырдың басында Еуропада көзілдірік туралы деректер кеңінен тарала бастады. Көзілдірік қымбат «ойыншық» болып саналды, ешнәрсеге қарамастан, көзілдірік жоғары сапалы шынылардан жасалды. Ол атадан балаға бағалы бұйым ретінде мұра болып қалып отырған. Сол заманда көзілдірікті қажеттілік үшін емес, өздерінің мәртебесін көтеру мақсатында қолданған.
Жақыннан және алыстан көруге арналған көзілдіріктер ХҮІ ғасырда пайда болған. Осы уақытта көзілдіріктің сыртқы көрінісі мен пішініне де өзгерістер енгізілді. Күңгірт көзілдіріктерді ойлап тапқан Қытай еліне көз кемістігіне арналған көзілдіріктер араб және парсы саудагерлері арқылы жетіпті.
Жүзуге арналған көзілдіріктер
Жүзуге арналған көзілдіріктерді ХІҮ ғасырда парсы сүңгігіштері қолдана бастады. Ол тасбақаның қабыршағынан жасалынған еді. 1930 жылы жазушы Гай Гилпатрик жүзуге арналған көзілдірік пен ұшаққа арналған көзілдірік екеуіне тәжірибе жүргізеді. Жүзуге арналған көзілдіріктер 1950 жылда танымал болды. Алайда спортшылар үшін өте қауіпті болып қала берді. Олар әйнектер жасалатындықтан, кейде әйнектері сынып, спортшыларға қауіп төндіретін. 1972 жылы жүзуге арналған көзілдіріктерді Олимпиадалық ойындарда қолдануға тыйым салған еді.
Сен білесің бе?
• Лондондық оптик Эдвард Скарлетт ХҮІІІ ғасырда көзілдіріктің имек тұтқасын ойлап тапты.
• Көзді күннен қорғайтын көзілдірікті ең алғаш рет көп мөлшерде жасауға тапсырыс берген Наполеон болған. Ол Мысырға жорыққа шыққанда өзінің әскерлеріне күннен қорғайтын көзілдірікті тағып жүруді бұйырыпты. Оның бұйырығын орындамаған кейбір жауынгерлер ыстық елдегі көз қарықтыратын күн сәулесінен көз ауруларына шалдыққан екен.
• ХІІІ ғасырда Роджер Бэйкон атты оқымысты-діндар көз кемістігіне арналған құралды ойлап таппақ болғанда, ол қуғынға ұшыраған екен. Ондай жаңалықтар дінге мүлде қайшы келетін болып саналған. 1266 жылдары ол әріптерді үлкейтіп көрсететін жаңа құралды ойлап тапқан.
• Көзілдіріктердің монокль, лорнет, пенсне атты түрлері кеңінен пайдаланылған. Бірақ олар Бірінші Дүниежүзілік соғыстан соң қолданыстан шыға бастады. Осы кезден бастап қазіргі көзілдіріктердің алғашқы түрі пайда бола бастады.
• Көзілдіріктің пайда болғандығын растайтын ең ескі құжат 1352 жылға тән. Ол сол жылы салынған портрет болатын. Портретте итальяндықтардың кардинал қолына көзілдірік ұстап отырғандығы бейнеленген.

 

Пікірлер