Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орал соты Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қаюповты жемқорлық айыбы бойынша кінәлі деп тауып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айырды. Экс-шенеунік жазасын қоныс колониясында өтейді.
Сенбі, 3 шілде күні судья Нәйлә Жүнісова Қаюповты 7,8 миллион теңге (18 мың доллардан астам) пара алды деген айып бойынша кінәлі деп тапты.
Қаюпов қызметкері Себепов пен танысы Тұралиев арқылы 7,8 миллион теңге пара алды. 2020 жылғы шілдеде "ОрдаМед" ЖШС денсаулық сақтау басқармасымен құрал-жабдық жеткізу бойынша келісім жасасқан. Бұл сома содан туған. Келісім жасалып, құрал-жабдық жеткізіліп, орындалған жұмыс актісіне қол қойылғаннан кейін Қаюпов Бөлековадан ("ОрдаМедтің" сол кездегі директоры) келісім сомасының 10 пайызын талап еткен, – деді судья Жүнісова брифинг кезінде.
Іс материалына қарағанда, Саржан Бөлеков бұл соманы танысы Тұралиев арқылы екі бөліп беріп жіберген: алдымен 3,4 миллион теңге, одан кейін 4,4 миллион теңге. Тінту кезінде Болатбек Қаюповтан 330 мың теңге, Серік Тұралиевтен 4,3 миллион теңге табылған. Тергеу қағазында сондай-ақ Себеповтен 1,06 миллион теңге табылғаны жазылған.
Себепов пен Тұралиев пара алуға көмектесті деген айып бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы үш жылға бостандығынан айырылды.
Жауапкер тарабы сот үкімімен келіспейді, оның үстінен апелляциялық шағым түсірмек - деді Болатбек Қаюповтың адвокаты Тамара Сәрсенова үкім оқылған соң.
Бұл іс бойынша сот процесі жарты жылға жуық жүрді. Алғашқы отырыс қаңтардың соңында өткен.
Болатбек Қаюпов облыстың денсаулық сақтау басқармасын жеті айдан астам басқарған. Бұл қызметке ол өткен жылдың 12 наурызында тағайындалған. Былтыр қазанда коррупциямен қызметі Қаюповты жемқорлық күдігімен ұстағанын мәлімдеген.