Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданында биыл үш білім беру мекемесі жабылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Атап айтқанда, Пятимар ауылдық округіндегі Плантация бастауыш мектебі жұмысын тоқтатты. Бұған себеп – балалар санының күрт азаюы. Елді мекенде небәрі екі оқушы қалған. Енді олар округ орталығындағы мектепте оқып, жатақханада тұрады.Ал Айдархан мен Жаңақазан ауылдары интернатсыз қалды. Қос ғимаратта бұрын 30-40 бала жатса, қазір олардың саны онға да жетпейді. Нысандар бастауыш мектептердің иелігіне берілген.
12 баладан кем болмауы керек бала саны. 7, 8, 9 бала болды. Сосын Үкіметтің қаулысына сәйкес келмегендіктен жабуға тура келді. Қалғандары жұмысын жасап жатыр. Енді қазір аудан бойынша тек 4 жерде ғана жатақханасы бар мектептер қалды. Плантация бастауыш мектебі жабылады. Енді сол 20 мектеппен оқу жылын бастағалы отырмыз, – дейді Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар.