Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҚО, Теректі ауданы аумағындағы «Ақмешіт» қорымының қасынан археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде мешіттің орны анықталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қабырғасы қызыл кірпіштен қаланған, қалыңдығы 80 см, сырты ақ кірпішпен қапталған, іші әдемі көмкерілген мешіт болғаны анық болды. Ақмешіттің медресесінде Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы дәріс берген, Жұмағазы хазырет жұма намазын осында келіп оқыған деп айтылады. Хамза Есенжановтың «Ақ жайық төңкеріс үстінде» шығармасында «Жайықтың ішкі бетіндегі атақты мешіттің бірі» деп көрсеткен мешіт осы екеніне күмәнім жоқ. Бұнда сол өңірдің игі жақсылары тұрақты жиылатындығы жазылған. Жанында бала оқытатын екі медресе болғаны, балалар алдымен осында білім алатыны да айтылған. Шығармада үш жүздей үй бар делінген. Археолог Мұрат Қалменов екі жүздей үйдің орны байқалады дейді. Сонда бұл жер ауыл емес, қала деп айтуға келетін үлкен орталық болған. Үлкендердің айтуы бойынша бұл мешіт 1929 жылдары шамасында құлатылыпты, - деп жазды ол.
Ол ендігі жұмыс осы қазба барысында ашылған мешіт орнын мал тапамайтын, жаңбыр мен қар жаумайтын етіп жабын жасау керектігін айтты.
Совет өкіметі қазақты мәңгүрт ету үшін Аллаға құлшылық етіп дінін ұстанатын, бала оқытып білім беретін ең қасиетті орын - мешіттерді жоюдан бастағаны белгілі. Алдымен дін қайраткерлерінің бірін тәркіледі, бірін контревалюциялық ұйым құрды деп айыптап соттады, бірін сотсыз атып тастады. Ұрпақтарын қудалап елде тұра алмайтындай, тұрса өз өмірі мен ұрпағын сақтау үшін тіс жармайтындай етіп қорқытты. Одан әрі қалған қазақтың рухын сындыру үшін ең қасиетті орын - мешіттерді аса жауыздықпен қиратты. Тіпті алдымен әдейі шошқа қамағанда жағдайлар болған. Адамдармен қатар мешіттерде саяси қуғынның құрбаны боп кеткен. Содан қазақты жазу-сызуы болмаған надан деп, қорқытып-үркітіп сендірді. Бірер буын ауысқан соң өтірікке сенетін халық пайда болды. Міне, өтіріктің күлін көкке ұшырып, ақиқатпен қауышатын уақыт келді, - деді Жантас Сафуллин.