"Бизнестің жол картасы - 2020": Кәсіпкерлер 60 млрд теңгеден астам салық төледі

8 Ақпан 2020, 04:57
1559
Бөлісу:
"Бизнестің жол картасы - 2020": Кәсіпкерлер 60 млрд теңгеден астам салық төледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 жыл ішінде "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы тиімді болды. Осы уақыт аралығында ақтөбелік кәсіпкерлер бюджетке 60 миллиард теңгеден астам салық төледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында "Даму" қоры АҚ Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиев айтты.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті: оны жүзеге асыру жылдарында қатысушылар 63,7 млрд теңге салық төледі, 10,8 млрд теңге көлемінде субсидия берілді. 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, 30,5 мың жұмыс орны сақталды, - деді Б.Нұрғалиев.

Сонымен қатар, ол 2019 жылы кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың нәтижелерін жариялады және "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуы туралы айтты.

Өткен жылы қордың Ақтөбедегі филиалы жергілікті кәсіпкерлердің көптеген жобаларын қолдаған. 

2019 жылдың соңында бизнесті қолдаудың барлық бағдарламасы бойынша көрсеткіштердің өсуі байқалады. "Еңбек" және "Нұрлы жер" бағдарламаларын жүзеге асыруда Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Бизнестің жол картасы - 2020 бағдарламасы бойынша ақтөбелік кәсіпкерлердің 13,9 млрд теңге сомасына 223 жобасы субсидияланды. Индикаторлардың 135%-ға өсуі жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігінің артуымен және бағдарлама қатысушыларының - жергілікті атқарушы органдармен, екінші деңгейлі банктермен және "Даму" қорымен тиімді ынтымақтастығымен байланысты. Сонымен, 2019 жылдың басында республикалық бюджеттен қаражат тапшылығына байланысты облыс әкімдігі бағдарламаны жүзеге асыруға қосымша 762 миллион теңге бөлді, - деді Берік Нұрғалиев.

"Еңбек" бағдарламасы аясында Ақтөбе мен Хромтау қалаларында 1,4 млрд теңгенің 120 жобасы қаржыландырылған. Ақтөбе облысында "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 4,9 млрд теңге сомасына 16 жоба, оның ішінде 2019 жылы 3 млрд теңгеден астам сомаға 8 жоба қолдауға ие болған. Кепілдік құралдарының барлығы үшін 9,6 млрд теңге сомасына 231 жоба қолдау тапқан.

Айта кетейік, 2020 жылдың басынан бастап елімізде "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша негізгі мақсаттар мен қолдау құралдары сақталды, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелерге кепілдік беру шарттарына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыруға арналған несие мөлшері 60-тан 360 млн теңгеге дейін, жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге берілетін несиенің максималды сомасы 20-дан 60 млн теңгеге дейін, франшиза алу мүмкіндігі және "қайта қаржыландыру" мақсатымен несиеге кепілдік беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жобаны іске асыру критерийлері де жеңілдетілді.

Өзгелердің жаңалығы