Бизнесті қолдау шаралары кейбір салықтық мөлшерлемені «0»-ге дейін төмендетеді – министр

20 Желтоқсан 2020, 13:10
1741
Бөлісу:
Бизнесті қолдау шаралары кейбір салықтық мөлшерлемені «0»-ге дейін төмендетеді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Шымкентке жұмыс сапарымен барып, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерімен кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министр өз сөзінде ел басшылығының тапсырмаларын, оның ішінде Президенттің Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Республикалық, коммуналдық меншікке және квазимемлекеттік сектор субъектілері жалға алған мүлікке шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды. ШОБ субъектілеріне салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді, - деді министр.

Жамаубаев бизнесті қолдау шаралары кейбір салықтар бойынша мөлшерлемені «0»-ге дейін төмендетуді көздейтінін айтты. Сондай-ақ, 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жекелеген тауарларды әкелудегі кедендік баж салығын төлеу кезінде жеңілдіктер берілетінін еске салды.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың жеке объектілерін сатып алу туралы заң әзірледі. Ол барлық рәсімдерді электронды форматқа ауыстыру арқылы сатып алудың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жоспар жүзеге асырылуда. Осылайша, Экономикалық тергеу қызметінің жұмысы жалған шот-фактуралар толтырумен, салық төлеуден жалтарумен, капиталды заңсыз әкетумен, бюджет қаражатын жымқырумен, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарды анықтауға бағытталған.

Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру шаралары көлеңкелі экономикаға қарсы күресте шешуші рөл атқарады.

Ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың арқасында бүгінде тауардың импорттан оны түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі қозғалысын қадағалау қамтамасыз етіледі, сатудың әр сатысында тауарларға үстеме баға анықталады, осыған байланысты салық төлеудің дұрыстығын бақылау жүзеге асырылады, - делінген министрлік хабарламасында.

Министр Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды және әлеуметтік қамсыздандыру мен еңбек жағдайларына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, министр жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді.




Өзгелердің жаңалығы