Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенатор Михаил Бортник мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларына салынатын қаржының тиімділігіне күмәнмен қарайтынын айтты. Ол мемлекет пен жеке меншік әріптестігі арасында баланс бұзылған деп санайды.
«Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше 2018 жылдың басында 209 жоба болса, бүгінде олардың саны 418 жобаға дейін екі есе өскен. Тиісінше, мұның бәрі МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің 5 есе, 2018 жылы 215 млрд теңгеден алдағы кезеңде триллион теңгеге дейін өсуіне әкеп соқты. Сонымен қатар, осы міндеттемелер бойынша төлем 2018 жылдан алдағы уақытта 80-90 млрд теңгені құрайды», - деді Сенат депутаты.Оның айтуынша, жекелеген өңірлердегі МЖӘ жобаларында мемлекеттік міндеттемелер үлесі 90% асады және бұл балансты бұзады.
«Қағидаға сәйкес мемлекет пен жеке меншік әріптес арасында тәуекелдер мен кірістер кепілдігінің міндеттері өзара тиімді бөлінуі тиіс. Кейде жеке инвесторлар осы модель бойынша жұмыс істей отырып, салмақты мемлекеттік қолдауға ие болады және МЖӘ механизміне өз жобаларын мемлекеттік қаржыландыру көзі деп қарайды», - деді Бортник.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов депутаттың сөздерімен келісетінін айтып, іріктеу кезеңінде инвестициялар мен міндеттемелер арасындағы тепе-теңдік сақталмайтын жобалардың кездесетінін атап өтті.
«МЖӘ сапасына назар аудару қажет. Балансқа келер болсақ, республикалық деңгейде іріктеу кезеңінде инвестициялар мен міндеттемелер арасындағы тепе-теңдік сақталмайтын жобалар жарамсыз боп қалады. Өңірлік деңгейде мұндай жұмыстарды өңірлік орталықтар мен жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Биыл біз бұл мәселені үйлестіреміз. Бұл мәселені қатаң бақылауға алдық. Жергілікті жерлердегі жобалар бойынша баланс сақталуы керек, өйткені ол жерлерде сыналатын жобалар көп», - деп жауап берді Дәленов.
Министр инвесторлар тарапынан міндеттемелерді орындамау фактілері анықталмаса да бүгінгі таңда жеке меншік әріптес – инвестордың жауапкершілігі жеткіліксіз екенін атап өтті.