Қазақстанда ірімшік нарығында тапшылық туындауы мүмкін. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде өткен отырыс барысында "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Еркін Наурызбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында сүт өнімдерін шығаратын және сататын компаниялар кейбір ірімшік түрлерін Қазақстан нарығына жеткізуді тоқтатуы мүмкін. Бұған аталған өнімдердің әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосылып, бағаның қатаң реттелуі себеп болып отыр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай талаптар бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр.
Желтоқсан айынан бастап бұл санатқа ірімшік пен сүзбе, сиыр етінің жіліксіз бөлігі, жылқы және қой еті, қияр, қызанақ және басқа да өнімдер енгізілді. Аталған тауарларға баға мемлекеттік бақылауға алынып, сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
Белгіленген 15 пайыздық үстеме Қазақстанда өндірілмейтін ірімшіктерді сырттан әкелуге де, ішкі нарықта өндіруге де жеткіліксіз. Себебі сақтау шарттары, өнімнің бұзылу тәуекелі сияқты қосымша шығындар бар, ал олар бұл мөлшерде есепке алынбайды. Осыған байланысты сүт өнімдерін өндірушілер мен таратушылар 1 қаңтардан бастап аталған өнімдерді сатуды тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Мұндай жағдай ет өнімдеріне де тән, – деді Еркін Наурызбеков.
Еске салайық, бұған дейін Сенатта ет өндірісі мен экспорт әлеуеті талқыланғаны туралы жаздық.