Бұл пікірді Ұлттық құрылтайдан соң Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент өз сөзінде өткенге құр мақтанудан, орынсыз сынаудан арылу қажеттігін айтып, ұлттың дамуына кедергі келтіретін жағымсыз құбылыстармен күресу керектігін баса айтты.
Бұл туралы Жанарбек Әшімжан былай дейді:
Мемлекет басшысының бұл пікірі қазіргі қоғам үшін өте өзекті. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, мемлекеттің қуаттылығы, ең алдымен, халықтың ой-санасының беріктігіне, бірлігімізге байланысты. Біз ішкі алауыздық пен негізсіз сынға, орынсыз талас-тартысқа бой алдырмай, елдің дамуына үлес қосуға тиіспіз, - дейді ол.
Оның айтуынша, кейбір азаматтар қоғамдағы мәселелерді сырттан іздеп, өзгелерді кінәлауға бейім. Алайда, нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін ең алдымен өзімізден бастауымыз қажет.
Президент өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға сүйенудің маңыздылығын атап өтті. Бұл ойды жалғастырған депутат:
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Оның гүлденуі үшін әр азамат өз орнында адал еңбек етіп, ұлт ретінде ілгерілеуге кедергі келтіретін теріс дағдылардан арылуы тиіс. Өз күшімізге сеніп, жаңа өзгерістерге бейімделгенде ғана мықты ұлт болып қалыптасамыз, - деп пікір білдірді.
Қазіргі әлем тез өзгеруде, ал Қазақстан бұл өзгерістерге лайықты жауап беруі керек. Жанарбек Әшімжанның пікірінше, елдің өркендеуі үшін халықтың бірігуі, ұлттық құндылықтарды сақтау және білім мен еңбектің маңызын түсіну басты рөл атқарады.
Президент айтқандай, біздің миссиямыз – ұлт ретінде сапалы болу. Бұл өркениетті, икемді, мақсатшыл болуды білдіреді. Қандай жағдай болмасын, біз ұлт ретінде ұйысып, мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қоюымыз қажет, - дейді ол.