Бізге ақша да, атақ та керек емес - Respublica

16 Наурыз 2023, 20:31
677
Бөлісу:
Бізге ақша да, атақ та керек емес - Respublica
Фото: foodindustry.kz

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров теледебатта партиясын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Хабар» арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың теледебаты өтіп жатыр.

Екінші болып сөз алған Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров ең алдымен қазақстандықтарды келе жатқан әз Наурыз мейрамымен құттықтады. Партия төрағасына сөз сөйлеуге екі минут уақыт берілді.

Бала кезімнен шаруашылыққа жақын болыр өстім. Әкемнің қасында жүріп, егін егуге және еккен егіннің өнімін жинауға үйрендім. Қазір мекемеміз мемлекетіміздегі белсенді ұйымдардың бірі. Мыңдаған адамды жұмыспен және жоғары жалақымен қамтып отырмыз, - деді Айдарбек Қожаназаров теледебатта.

Ол мекемесі миллиардтаған теңге салық төлеп отырғанын да жеткізді. Ол партия мүшесі Сырымбек Тауды сонау Моңғолиядан көшіп келіп, қоғамымыздың белсенді мүшесі бола алғанын айтты. Сөзінше, Тау соңғы 3 жылда 20 млрд теңгеге жуық салық төлеген. Сондай-ақ соңғы бір жылда 800 мың адамға кітап оқытқызған.

Партия төрағасы басқа әріптестерінің де атқарып жүрген белсенді жұмыстарын атап өтті.

Біз кабинетте өскен адам емеспіз. Әрқайсысымыз шынайы кәсіпкерміз. Бізге ақша да, атақ та керек емес, - деді Қожаназаров.

Теледебат үш кезеңнен тұратынын айта кетейік. Әр кезең екі турдан тұрады. І кезеңде партиялар өздерін таныстырып, пікір алмасады. ІІ кезеңнің бірінші турында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында сөйлеп, екінші турда сайлаушылардың сұрақтарына жауап береді.

Ал ІІІ кезеңде теледебат қатысушылары сайлаушыларға үндеу жасайды.

Өзгелердің жаңалығы