Хосе Мануэль Альбарес Ақ үйдің Испания АҚШ әскери күштерімен ынтымақтастыққа келіскені туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның айтуынша, Мадридтің Таяу Шығыстағы соғысқа қатысты позициясы өзгеріссіз қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Министрдің бұл мәлімдемесі Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт Испанияның америкалық әскерилермен ынтымақтастыққа келіскені жөнінде айтқан сөзінен кейін жасалды. Альбарес оның не туралы айтқанын «білмейтінін» атап өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы операция аясында Испания аумағындағы америкалық әскери базаларды пайдалануға тыйым салынған жағдайда, Мадридпен сауда қатынастарын тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Альбарес Cadena SER радиосына берген сұхбатында: «Испания үкіметінің Таяу Шығыстағы соғысқа, Иранды бомбалауға және біздің базаларды пайдалануға қатысты ұстанымы өзгерген жоқ», — деді.
Ол сондай-ақ Испанияның «соғысқа қарсы» позициясы анық әрі біржақты болып қала беретінін жеткізді.