Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында Үкіметке Ұлы көштің басталуына жол ашқан датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Осыған байланысты жазушы, мемлекет қайраткері Әлібек Асқаровпен әңгімелескен едік.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы шетелдегі қандастарды Атажұртқа шақыру бойынша тұңғыш құжат қабылданғаны жайлы айтты.
Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың өз атажұртына оралу мәселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды, - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ал сұқбат барысында Әлібек Асқаров Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы - Қазақстан Тәуелсіздігінің ең үлкен мерекесі болды дейді.
Мен күні бүгінге дейін ондай мерекені, ондай тойды көрген емеспін. Әрине бұл тойдың алдында талай шешімдер қабылданып, талай жұмыс істелді. Соның бірі Елбасымыз осыдан 30 жыл бұрын, тура осы күні қабылдаған құжат. Ол - шеттегі қазақтарды атажұртқа қайтару туралы №711 Қаулы болатын - дейді Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын ұйымдастырушылардың бірі Әлібек Асқаров.
Ол Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы негізінде ұйымдастырылған тұңғыш құрылтайдың қалай өткенін баяндап берді.
Ол туралы толығырақ төмендегі видео-сұқбаттан біле аласыздар.