Бізде мұнай да, мыс та, алтын мен уран да баршылық – Бердібек Сапарбаев

19 Ақпан 2020, 23:01
1718
Бөлісу:
Бізде мұнай да, мыс та, алтын мен уран да баршылық – Бердібек Сапарбаев

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі жерасты қазба байлықтарымыз күні ертең түгесілуі мүмкін. Сол себептен, қазірден бастап барлау жұмыстарын жүргізіп, геологияға үлкен мән беруіміз керек. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарының алдындағы есеп беру кездесуінде осылай деді.

Біздің жер қойнауымызда қандай қазба байлықтар бар екені баршаға мәлім. Оның үстіне, кеше ғана Үкіметте Қазақстан бойынша жалпы геология, барлау саласын дамыту жөнінде тұжырымдама қабылданды. Ал Әулиеата өңірінде қазір өндіріліп жатқан өнімдерден бөлек, мұнай да, мыс та, алтын мен уран да баршылық. Ендігі біз соларды игерумен айналысқанымыз жөн. Әсіресе Шу, Сарысу бассейндері кен қорына тұнып тұр. Кеше ғана Қаратауда мұнай бар екендігі жөнінде мәлімдеме жасалды, – деді өңір басшысы. Енді мемлекеттік органдармен бірге осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет.    

Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысында пайдаланылмай жатқан жерге байланысты біршама шаруа атқарылғанын да әңгімеледі. Осы жылы кем дегенде 70 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Ал су саласына соны технологияны енгізу керек.

"Судың да сұрауы бар" оны бейберекет ағызып қоймай, бақылауға алғанымыз абзал, – деген аймақ әкімі көлік мәселесін алға тартты.

Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл облысы транзитті өңір болғандықтан, экономиканың, кәсіпкерліктің дамуында көліктің маңызы зор. Осы орайда, биыл ұзындығы 692 шақырым жол жөндеуден өтпек. Сапасы қанағаттанарлық жолдардың көлемін 90 пайызға жеткізу межесі тағы тұр.

Сонымен қатар жаңа автобустар сатып алуды жалғастыра береміз. Бұл орайда, лизингпен "Сарыарқа Авто Пром" компаниясымен келісім жасалған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де үлкен проблемалардың қатарындағы шаруа. Аталған бағытта жергілікті полиция басқармасымен жұмыс істейміз. Жолаушылар тасымалы мәдениетін жетілдіру үшін қоғамды көліктерді қадағалап, оларға GPS қоятын боламыз. Содан соң жол жүру билетін электрондық түрге ауыстырылады. Сонда бұл жүйе ашық әрі таза болады деп ойлаймын, – деді Б.Сапарбаев.

Есепті жиында тұрғын үй шаруашылығы, коммуналдық мәселелер де сөз болды. Бердібек Мәшбекұлы бұл саладағы соңғы көрсеткіштердің ойдағыдай екенін атап өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін қазақстандықтарды ауыз сумен, көгілдір отынмен толық қамту жөніндегі тапсырмасын еске салды.

Мен бір нәрсені ескерткім келеді, өңірде халық саны 200-ден аспайтын кішкене елді мекендер де бар. Қазіргі таңда біз ол ауылдарға су, газ құбырларын тарта алмаймыз. Себебі, оны жүргізу құны өте қымбат. Сондықтан бұл мәселені заманауи технологиямен немесе скважиналар салу арқылы шешеміз. Одан кейінгісін уақыттың еншісіне қалдырдық, – деді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы