Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаларды тұрақтандыру міндетін қойды.Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9 проценттен желтоқсанда 8,4 процентке дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр, - деді Смайылов.
Премьердің айтуынша, азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Бүгін айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймын.Дегенмен мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аударғым келеді.Бірінші. Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет.Екінші. Өңірлер әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтсін.Үшінші. Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын, - деді Смайылов.
Оның айтуынша, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Мәліметтерді беру үшін Сауда министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселесін шешу қажет.Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қоюды тапсырамын. Бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек, -деді ол.
Әлихан Смайылов мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет екенін айтты.
Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындауды тапсырамын.Алтыншы. Мемлекеттік органдар көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін жұмыс істеп жатыр.Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау агенттігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауы қажет, - деді Смайылов.
Премьер-министр атағандай, Индустрия министрлігі толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру керек.
Бүгін ұсынылған шараларды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1-ші ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізуді тапсырамын, - деді ол.