Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жазушы Камал Әлпейісова Қазақстандағы алғыс айту мерекесі қайдан шыққанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жазушы Алғыс айту күні бүкіл әлемде бар мереке екенін айтып, АҚШ тарихына тоқталды.
1640 жылы Америка құрлығын жаулап алушы отарлаушылар жақындай бергенде мұз құрсауында қалып қояды. Сол кезде өлім халіне жеткенде жергілікті үндістер қолында барын алып, күрке тауықтарын пісіріп алып келіп, тамақтандырып, аман алып қалады. Содан кейін мынау аман қалған адамдар соларға ризашылығын білдіру үшін День благодарение деген өткізген. Ол қазірге дейін атап өтіледі. Президент Вашингтон оны ұлттық мереке деп белгілеген. Қазіргі күнге дейін мерекелеген кезде әр дастарханда міндетті түрде күрке тауық болады. Ол сол қиын кезді еске түсіреді, - деді Камал Әлпейісова.
Ал Қазақстандағы алғыс айту күнінің жағдайы басқаша дейді жазушы.
Ал біздің Алғыс айту күніміз жарлықтың бірінші тармағында айтылған: Қазақ жеріне қиын-қыстау кезде келіп, өсіп-өнген, аяғына тұрған этностардың қазақ халқына алғыс айту күні. Бүкіл жарлықтың алтын арқауы – сол. Оны біреулер “Не алғыс айтуды жарлықпен айтқыза ма?” деп ойлайды. Біздегінің жағдайы басқаша. Өйткені бізде ол этностар қыдырып келіп қалып қойған жоқ. Олар репрессиямен келді, қудаланып келді, жер ауып келді. Сонда біздің қазақ халқы да өте қиын жағдайда өмір сүріп жатқан кез. Отыз жеті, отыз тоғызыншы жылдар ғой. Сөйте тұра оларды қарсы алды, қабылдады. Жарты нанын бөліп жеді, - деді ол.
Камал Әлпейісова әжесінің естелігімен де бөлісті.
Соны менің әжем айтатын “Қалқам-ау, бізде жағдай қиын болса да, біз туған жерге табан тіреп тұрмыз ғой, олар қудаланып келді ғой. Сондықтан бізге адам ретінде ол – парыз” деп. Мінекей, сол ел өсті-өнді, білім алды, ел азаматы болды. Кейбір статистикалық мәліметтерге қарасақ, олардың арасынан шыққан ғалымдар, қайраткерлер аз емес. Олар да Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуына, гүлденуіне, мәдениетіне өз үлесін қосып жатқан Қазақстан халқының азаматтары, - деді ол.
Бірақ жазушы өзге этнос ұрпақтарының көбі Қазақстанға қалай келгенін білмейтінін айтты. Сондықтан Алғыс айту күні жарлығы сол этностардың шынайы тарихын білуге жол ашатынын жеткізді.