Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласындағы Қазақстандық репродуктивтік медицина қауымдастығының «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: бүгіні мен болашағы» атты IX өңірлік халықаралық конференциясының ашылуына қатысты.
Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаттарының бірі халықтың денсаулығын, оның ішінде репродуктивті денсаулықты нығайту, демографиялық жағдайды және өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Біздің мақсатымыз - бедеулікті емдеу ғана емес, оның алдын алу және себептерін жою бойынша шаралар қабылдау, - деді өз құттықтау сөзінде Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Ажар Ғиният репродукция саласында жаңа технологияларды табысты енгізу мақсатында барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті. Бірінші кезекте, заңнамалық база қамтамасыз етілді, қосалқы репродуктивтік технологияларды жүзеге асырудың барлық аспектілерін реттейтін НҚА бекітілді, түрлі бейіндегі мамандар даярланды. Осы шаралардың арқасында бүгінде елімізде 29 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді.
Елімізде жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде ЭКҰ бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыру маңызды рөл атқарды. 2010 жылдан бері 9 мыңға жуық бағдарлама өткізілді, 3 мыңнан астам бала дүниеге келді.
Балалардың болмауына байланысты неке бұзылатын жағдайлар туындайды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкіметке ЭКҰ-ға квотаны 7 есеге ұлғайта отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның аясында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, 1 мыңнан астам бала дүниеге келді, - деп атап өтті Ажар Ғиният.