Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Біз тарихымызды жазғанда асы­ғыстыққа жол бермеуіміз керек – Қарин

11 Шілде 2025, 18:32
648
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Елімізде Прези­дент­­­ тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдық­тың әзірленіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз тарихымызды жазғанда асы­ғыстыққа жол бермеуіміз керек. Со­зып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдар­ды әзір­леу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 том­­дық басылымға 5 жыл, 1957 жыл­ғы 2 том­дыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен. Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 том­­дықтың бірінші томы 1996 жылы шы­қса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайын­дық жұмыстарын айт­пағанның өзін­де, бес томдықтың толық басылып шы­ғуына 15 жылға жуық уақыт кетті, - дейді Қарин.

Оның айтуынаша, мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жү­зеге асырылып, шет мемлекет­терге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 

9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ва­тикандағы, Парсы мем­лекет­теріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин ар­хивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді. Ал Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат­-Наме», «Муʻизз ал-ансаб»,­ «Бахр ал-асрар» сияқты қол­жазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ же­рінде болған маңызды оқи­ға­лар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған, - деді ол.

Оның айтуынша, тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. 

Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұ­мыстары белсенді жүргізіліп, ма­ңызды жаңалықтар ашылды. Осы­ның бәрі жаңа басылымның маз­мұнын толықтырып, байыта түседі. Бұл жеті томдықты төл тарихы­мызға қатысты осыған дейін жа­салған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деу­ге болады, - деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы