Гренландия тұрғындары АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің аралды сатып алу немесе бақылауға алу жөніндегі мәлімдемелеріне алаңдаушылық білдіруде. Жергілікті халық мұндай риториканы өз аумағына төнген қауіп ретінде қабылдап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Гренландия тұрғындары америкалық болғысы келмейді. Біз сатылмаймыз, - дейді Нуук қаласының кәсіпкері Миа Хемниц BBC-ге берген сұхбатында.
Ақ үй Гренландияны Даниядан сатып алу мәселесі талқыланып жатқанын растаған. Трамп пен оның айналасындағы шенеуніктер қажет болған жағдайда күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Бұл мәлімдемелер арал халқы арасында алаңдаушылық туғызды.
Дания парламентіндегі Гренландия өкілі Айя Хемниц бұл риториканы «айқын қауіп» деп атап, оны НАТО-дағы одақтастар арасындағы сыйластыққа қайшы деп бағалады.
Гренландия сирек қоныстанғанымен, стратегиялық маңызы зор аймақ. АҚШ мұнда екінші дүниежүзілік соғыстан бері әскери нысандарын орналастырып келеді. Сонымен қатар климаттың жылынуына байланысты табиғи ресурстарға қызығушылық артып отыр.
Сауалнамалар гренландиялықтардың тәуелсіздікті қолдайтынын, алайда АҚШ құрамына өтуді қаламайтынын көрсетеді. Қазіргі таңда аумақ өзін-өзі басқару құқығына ие, ал сыртқы саясат пен қорғаныс Данияның бақылауында.
Гренландия қоғамының ортақ ұстанымы айқын: арал сатылмайды, бірақ халықаралық ынтымақтастыққа ашық.