Біз әрдайым әлеуметтік саланы басты назарда ұстаймыз – Президент

10 Шілде 2020, 22:12
1579
Бөлісу:
Біз әрдайым әлеуметтік саланы басты назарда ұстаймыз – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саладағы мәселелерге тоқталды.

Біз әрдайым бұл саланы басты назарда ұстаймыз. Тек биылдың өзінде зейнетақы мен жәрдемақыны екі рет индекстедік. Биылғы 1 маусымдағы дерек бойынша зейнетақының орташа жинақтық мөлшері 16 пайызға, яғни 99 мың теңгеге дейін өсті. Еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда төленетін төлем 69 пайызға, асыраушысынан айрылғанда төленетін төлем 41 пайызға, ал жұмысынан айрылғанда төленетін төлем 44 пайызға артты, - деді ол.
Президент азаматтардың қанша табыс табатынына қарамастан, көпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін айтты.
Бұл жәрдемақы балалары бар 400 мыңға жуық отбасыға қосымша қолдау болды. Менің тапсырмам бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі іске қосылды. Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қазіргі пандемия ахуалы жұмыспен қамту саласына, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай теріс әсер ететіні анық. Сондықтан, министрлікке осы бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы