Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадрлар даярлау, зерттеулер жүргізу үшін бірлесе жұмыс істеуі тиіс.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Осы тұрғыдан алғанда университеттер мен ғылыми-зерттеу институттардың мүмкіндіктерін біріктіру маңызды. Бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру үшін ЖОО мен ҒЗИ арасында келісімдерге қол қойылды.
Осы бағытта бірлескен жұмысты атқарған ұйымдар жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатқанын көріп отырмыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ынтымақтастығына үлгі ретінде қарауға болады. Бірлесе жұмыс істеудің арқасында «Вирусология» атты жаңа бағдарлама әзірленіп, бірлескен диссертациялық Кеңес құрылды. Сонымен қатар университет студенттері коронавирусқа қарсы вакцина жасаған ғалымдармен өзара байланыс орнатты, - деп жазды министр.
Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ интеграциясы не үшін қажет және оның нәтижесі қандай болмақ?
1. ҒЗИ-ларда жұмыс істейтін жетекші ғалымдар жоғары оқу орындарына сабақ беруге тартылатын болады. Сондай-ақ олар студенттердің ғылыми жобаларына жетекшілік етеді. Қол қойылған келісімшарттарға сәйкес бірінші кезеңде бұл жұмысқа 300 ғалым қатысатын болды. Осы уақытқа дейін ҒЗИ-ларда жұмыс істейтін ғалымдар білім беру жүйесіне көп араласпады, дегенмен олардың студенттерге сабақ беруі маңызды.
2. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ бастапқы кезеңде кадрлар даярлау үшін 500 білім беру бағдарламасын әзірлейді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері білім беру процесінде қолданылатын болады. Сондай-ақ кадрларды даярлау бойынша бірлескен жұмыс жүргізіледі.
3. Магистранттар мен докторанттар ғылыми-зерттеу институттарына бара алады және олардың лабораториялары мен базасы олар үшін ашық болады. Келісімдер аясында Ұлттық ядролық орталықта, Ядролық физика институтында, Ұлттық биотехнологиялар орталығында, Биологиялық қауіпсіздік институтында және т.б. бірегей ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өту туралы уағдаластық көзделген.
4. Сондай-ақ жүзден астам бірлескен диссертациялық кеңестер жұмысын жүргізеді, олардың құрамына жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының да қызметкерлері кіреді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ҒЗИ ғалымдары диссертациялық кеңестердің жұмысына аса араласпаған.
5. Е-lab ақпараттық жүйесін құру туралы шешім қабылдадық. Осы жүйенің көмегімен біздің ғылыми қызметкерлер еліміздің қай университетінде немесе институтында қандай зертхана бар екенін көре алады және алдын ала жазылып, олардың техникалық мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұл маңызды жоба, өйткені біздің университеттерде әртүрлі зертханалар бар және оларды толығымен пайдалану қажет.
Біз қабылдап жатқан шаралар ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға, ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігіне бағытталғанын және талантты жастарды ғылымға тартуға және қызықтыруға көмектесетінін атап өткім келеді.