Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы

Кеше, 18:37
562
Бөлісу:
Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы
Фото: автордан

Кітапханашы – руханияттың шырақшысы секілді. Көбіне елеусіз қалатын мамандықтың мәні жоғары. Осы ретте ғұмырын осы салаға арнаған Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының библиографы Ғалия Ешенова әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғалия Самиғұлқызы, кітапханашы болу, бұл бала күнгі арман ба әлде үлкендер таңдап берген қазыналы жол ма?

Біз қалай десек те, кеңес дәуірінің адамымыз. Бұл біздің болмысымызда айшықталып тұрған әдет десек те болады. Біз мектеп бітіріп жатқан уақытта ұйымдастырылған соңғы қоңырауда келешекте тізгінін ұстағамыз келетін мамандықтарымыз туралы айтатынбыз. Ол кезде мен Қарасудағы сегізжылдық мектепте 8-сыныпты аяқтап жатқан кезім. Сол кездегі Аймұхан деген ауылдағы кітапханашы апайымның өмірі мен үшін үлгі болды. Ол кісі қандай да бір кітапқа шолу жасарда әрбірімізге сол кітапты оқуға шақыратын. Сөйтіп, сол жиында, көпшіліктің алдында мен кітапханашы болуды армандайтынымды айттым. Кейіннен, орта мектепті тәмамдап, жоғарғы оқуға қадам басарда, әкем төсек тартып қалды. Сонда анам “Әй, сен Алматы демей-ақ, осы Сарқанттың мәдени ағарту ісі училищесінің Кітапхана ісі деген бөлімі бар, соны оқысаңшы, әйел адамға жақсы жұмыс қой” деп шешемнің де айтқаны түрткі болды. Осылайша кітапханашы атандық. Бүгінде осы салада жүргеніме ширек ғасырдан асты. Өзіңіз айтқандай, қазыналы жолға қадам басқаныма ешқашан өкінген емеспін. Біз кітаппен өскен буынбыз.

Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы

Сіздердің әке-шешелеріңіз қонышына газет тығып оқитын заманның өкілі. Қой бағып жүріп, түрлі ауыр жұмыстарды атқарып жүріп, кітапты жанына серік ете білген. Сол кезеңнің әкелерінің бәрі сондай болғаны даусыз. Осы ретте өзіңізді отбасыңыз жайлы айтсаңыз? Бала күннің белесіне бір барып қайтсақ...

Бала күнімізде ешқандай техника болған жоқ. Күнделікті тірлігімізді істеп, тамағымызды ішіп болған соң, қарт атамыз бен апамыз кітап оқытатын. Сонда көлемді романдарды оқыдық: “Айқыз”, “Ботагөз”, “Медет” деген шығармалар әлі күнге дейін есімде. Ол уақытта міндетті түрде жергілікті республикалық мәртебедегі газет-журналдарды (Лениншіл жас, Социалистік Қазақстан) жаздыртып алатынбыз. Әкем “Труд” деген газеттің бір бетін қалдырмай күнде оқитын. Почтальонның келгенін тосып отыратын, әр уақыттағы жаңалықтарды сол газеттен біліп алады. “Қазақстан әйелдері” деген журнал да болды. Ол кезде сатираны біле бермейміз. “Ара” деген сатиралық журналдың суреттеріне қызығатынбыз. Сол уақыттаржда фельетондар жазылатын, біреудің жат қылығын, я болмаса белгілі оқиғаларды астарлап, фельетондар арқылы газет бетіне жариялайтын. Бала кезімізде “Балдырған” деген журналды оқыдық. Кейін пионер болғанда, “Қазақстан Пионері” деген газетті де алып оқыдық. Комсомол болғанда “Лениншіл жас” деген газетті қадір тұтатынбыз. Әке-шешелерімізбен ілесіп, газет пен кітапті қатар оқыдық. Сол әдет, рухани игілік санамызға сәуле құйғаны анық. Жата-жастана кітап оқып жүріп, әке-шешеміз бойымызға ізгіліктің нұрын сепкенін кейін аңғардық. Сол нұр осы кітапханадан алыстатпағандай көрінеді.

Кітапханашы болуы үшін адамға қандай қасиет керек? Бұл саланың қызығы кеткен секілді көрінеді кейде. Олай дейтініміз, оқырманның барған сайын азайып бара жатқаны...

Бұл пікіріңіздің келісетін тұсы да бар, келіспейтін тұсы да бар. Кітапханашы болу үшін ең алдымен ізденіс керек, көп оқу қажет. Өйткені, бұл кітапханаға әртүрлі жанрды іздейтін оқырмандар келеді, олардың талабы да әртүрлі. Келген қонақтың сұранысын қанағаттандыру үшін кітапханашы өте білімді, терең тағылымды, тартымды да тәртіпті болуы міндетті. Оқырман мен кітапханашының арасындағы этика сақталуы тиіс. Біз осыған аса мән береміз. Әрине, қазір заман өзгерді, ескі дәуірдің бет-бейнесі енді оралмайды. Алайда уақыттың қадірін білуге тырысқан тұлға, адамдыққа ұмтылған кез келген жас, өнерге қадам басқан түлек алдымен кітап оқуды қолға алған абзал. Біз оқырман жоқ деуден аулақпыз. Бар, келіп кітап алатын жастар көп. Соған қуанамыз.

Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы

Біздіңше, кітапханашы авторлардың бағбаны секілді. Қошеметі аз, қарбаласқа толы қызмет. Басқа салаға бет бұруды осы күнге дейін ойыңызда болмады ма?

Осы уақытқа дейін жиып-терген білімім, бітірген мамандығымның бәрі кітапханашы болғандықтан, өзге салаға ауысу ойымда болмапты. Десе де, Тәуелсіздік алғанға дейін, Кеңес дәуірі ыдыраған соң, жұмыссыздық пайда бола бастады. Көп кітапханалар жабылып қалды. Сол уақытта уақытша әсери қызметте жұмыс істеуге тура келді. Қазір осы саланы қимаймын. Әрине басқа мамандықтарға қарағанды айлығы көп емес, алайда өзіне керекті рунани әсерді басқа еш жерден таба алмайсыз. Кітапханашы болу үшін – үлкен жүрек керек. Жүгері үлкен адамдар қоғамдағы дүниәуи үдерістерге аса мән бермейді. Өзіне ұнайтын салада қызмет еткеннен артық бақыт жоқ. Сонда адам айналасына гүл сияқты жұпар шаша алады. Еңбек адамы үшін – жұмыстың жеңіл жоқ, тек содан ләззат ала білу қажет.

Бізге қызық, қазіргі кітапханашы мен бұрынғы кітапханашының айырмашылығы бар ма?

Мен Кеңес дәуірінде де, қазіргі таңда да кітапханада еңбек етіп келемін. Бұрынғы кітапханашылардың дәстүрлі жұмысы оңтайлы болды деп есептеймін. Ал қазір, ол жұмыс күрделене түсті. Себебі, электронды кітаптар, аудиокітаптар пайда болып, жалпы қор кеңейе түсті. Технология, жасанды интелект даыған сайын адамның қызметі азая түскенімен, кітапханашының шаруасы көбейді. Жұмыс барысын түрлендіру үшін оқырманды қызықтыру үшін заман талабын сай жұмыс істеуге тура келеді. Бір оқырманың көкейіне олжа салсақ, оның өзі жетістік. Электронды кітап уақыттың ағымымен келген дүние. Қағаз кітап мәңгілікке сапарлайтын алып кеме секілді.

Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы

Сөзіңіздің жаны бар, дегенмен қазір электронды кітаптар айналымға көп енді. Қағаз кітаптың құны түскен жоқ па? Бұрын «қағаздың иісі» деген ұғым болатын. Қазір сол үрдіс қалыс қалып келеді... Бұл кітапханашы үшінде қауіпті секілді. Онлайн оқу болашақта кітапхананың алдын орауы мүмкін ғой.

Иә, мәселен, оқырман сұранысындағы қандай да бір кітап қағаз күйінде қолжетімсіз болған жағдайда, я болмасын, бір сынып оқушыларына бірдей кітап беріліп, ол кітап бізде санаулы болса, онда электронды немесе аудиокітаптар көп көмегін тигізеді. Оның өзіндік жақсы жақтары да бар. Ал елдің болашашы бұлдыр болса, онда кітапхана жабылады. Кітапхана жабылады деген сөз, кітапханашы мамандығының маңызы солады деген ұғымға саяды. Қазір Мемлекет басшысы тәулік бойы істейтін кітапхана желісін құруды тапсырды. Бұл бізідң еңбегіміз әлі де қоғам үшін қажет екенін білдіреді. Кітап иісі – кешегі бабалардың жүрып өткен жолының буырқанған шаңы десек болады. Онда бүтін дәуірдің иісі бар. Сондықтан қағаз кітаптың құны түспейді деп ойлаймын. Көкірегінде сәулесі бар адам кітап оқудан жалықпайды.

Қазіргі кітапханашылар кітап сирек оқитын секілді. Бұған пікіріңіз қандай?

Мен басқа кітапханашыларға жауап бере алмаймын, жалпы, кітапханашы күнінің 8 сағатын кітапханадағы жұмысқа арнаса, қалған уақытында рухани дамыса да, басқа дүниемен шұғылданса да өз еркі деп санаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қазір кітапханаларға жақсы ден қойылып келеді. Автор келісімі бойынша, кітаптардың электронды нұсқалары қолжетімді. Оған арнайы сайттар мен телеграмм арналар барынша жұмылдырылған. Сондықтан, оқырмандардың сұраныстарын назарға ала отыра, біз барлық жағдайда оқырман тарапын толық қанағаттандыруға тырысамыз. Қазір авторлар бұрынғыдай ұзақ том-томдап жазбайды, оқырманда қалың кітапқа қарай ұмтылмайды. Осыны да ескеруіміз қажет.

Осы ретте оқырманды кітапқа тарту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Облыс жастарын кітап оқуға тарту мақсатында біз түрлі байқаулар ұйымдастырамыз. Жыл сайын Абай, Мұқағали, Шәкәрім, Ілияс оқулары болады. Осы оқулар арқылы біз мектеп жасындағы балаларды кітапсүйгіштікке, білімге қызығушылыққа баулимыз. Сондай-ақ “Бір ел - бір кітап” акциясы аясында қазіргі таңда Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов шығармалары ұсынылуда. Өйткені бұл қаламгерлердің шығармалары кейінгі оқырманға кеңінен насихатталуы қажет. Байқаулардың бәрін біз кітапхана сайтына, әлеуметтік желілерге жариялаймыз. Оларға кез келген оқырман қатыса алады. Одан бөлек, түрлі қызықты іс-шаралар да өткіземіз. Оқушылар мен суденттерді жиі шақырып, өзара қызықты ойындар ұйымдастырамыз. Куиздар, кітап фестивалі секілді іс-шаралар жиі өтеді. Одан бөлек жергілікті ақын-жазушылармен кездесу кешін де ұйымастырып тұрамыз.

Біз кітаппен өскен буынбыз - кітапханашы

Қазіргі оқырмандар қандай жанрларға қызығады? Балалар үшін қызықты әңгімелерді атап өтсеңіз?

Балалар – ертегілерге, 6-7 сынып оқушылары – фантастика (Гарри Поттер секілді туындылар), жасөспірімдер мен студенттер – мотивацияға, психологияға толы шығармаларға, әйел қауымы – мелодрамаға, үлкен кісілер – классикалық еңбектерге қызығады. Балалар 3D ертегілер желісі қажет. Олар сондай дүниеге аса қызыққыш келеді. Осы бағыттағы кіап желілерін дамытса жақсы болар еді. Бұл бір жағынан жас оқырман үшін олжа болса, екінші жағынан өзге де кітаптардың оқылуына жол ашар еді.

Бүгінде кітапхана қорында қанша кітап бар? Жыл сайын қанша кітап келеді?

Қазір қорда 173 мыңнан астам кітабымыз бар. Әр жылы әрқалай , жылына шамамен 1200-1300 кітап келеді. Кітап қорымыз үш бағыт арқылы жиналады: Мемлекеттік тапсырыспен келетін кітаптар, Жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаға, “Кітапханаға кітап сыйла” акциясымен осы кітапхана оқырмандарының сыйға тартқан кітаптарымен жинақталады. Оған қоса, газет-журналдарымыз, ноталық баспалар, аудиобаспалар бар. Бұлардың бәрі кітапханамыздың асыл қазынасы. Бәрі архивте сақталады. Оқырман қажет еткен өнімді дер кезінде тауып беруге тырысамыз. Үйіне әкетіп оқитындар да бар.

Мыңдаған кітаптың ортасында жүріп, өмірден не түйдіңіз?

Кітапханашы болғаныма өкінбеймін. Әр мамандық иесі өз орнында тұруы керек деп санаймын. Қызметіне деген шынайы сүйіспеншілік, қызығушылықтың нәтижесінде сала дамиды. Осы кітапханашылықты арнайы таңдап келген адам ғана кітапты дұрыс насихаттап, оқырман шақыра алады. Ал кездейсоқ келген маман жұмысына да бейжай, салғырт қарайды. Кітаптың қадір-қасиетін ұғатын, осы киелі орданың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс түсініп, дұрыс бағытқа жұмыс істей алатын адам ғана нағыз маман атана алады. Әр адам кітапханаға сан түрлі жағдаймен келеді. Оқырманның мұңын мұңдап, қолдау білдіріп, тіл табысып, дұрыс кітап ұсына алатын қабілетіміз де маңызды рөл ойнайды. Тағы бір айта кететін жайт, әрбір автор үшін кітапханашы оның туған анасындай қадірлі ұғым болып қалады деп ойлаймын. Сол үшін біз аянбай еңбек етеміз. Оқырманымыз көп болсы, кітап оқитын жастар көбейсін!

Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Ақмарал Қайрат

Өзгелердің жаңалығы