Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шымкентте қосымша шектеу шараларын енгізу туралы жерлестеріне теледидар арқылы үндеу жасады. Бұл туралы coronavirus2020.kz сайты хабарлайды.
Шаһар басшысы қазіргі уақытта қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан вирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы хабарлады.
Олардың денсаулығы тұрақты. Вирус жұқтырған адамдармен тығыз байланыста болған 26 адам карантиндік режимде. Біз оларға жүргізілген тест нәтижелерін күтеміз, - деді қала әкімі.
Мұрат Әйтеновтің айтуынша, ауру жұқтырған адамның мекенжайы Абай ауданының "Тәуелсіздіктің 20 жылдығы" тұрғын үй кешені болғандықтан, бұл елді мекен коронавирустың таралуын болдырмау үшін 14 күндік карантинге жабылған. Сонымен қатар, қалалық автобекеттер мен вокзалдардың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылды.
Қала әкімі инфекцияның таралуына жол бермеу үшін, 28 наурызда түнгі сағат 00:00-ден бастап шаһарда бірқатар шектеу енгізіледі. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.
Біріншіден, Шымкент қаласы әуежайының, теміржол вокзалының жұмыстары, авиа және теміржол қатынастары толық тоқтатылады. Сонымен қатар, автокөлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендердің жұмысы тоқтатылады. Бұл ретте, қала тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынады. Барлық сауда нысандарына өз тауарлары мен қызметтерін сатуда онлайн режимге көшуді ұсынамын. Екіншіден, бұған дейін қызметіне шектеу енгізілген барлық сауда және басқа да нысандарда, келушілер мен сатушылар үшін медициналық бетперделерді киюді талап ететін санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Сонымен қатар, мал базарлары тек жексенбі күні сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Үшіншіден, қоғамдық тамақтану орындарының (кафе, мейрамхана, т.б) қызметіне күндізгі сағат 10:00-ден 18.00-ге дейін шектеу енгізіледі. Ал сағат 18-ден 22-ге дейін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын "тағамдарды үйге жеткізу және өзімен алып кету" режимінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ тамақтану орындары кіреберісте клиенттердің температурасын бақылауға және қолдарын санитарлық өңдеуге міндетті. Клиенттерді "келушілер арасында бір бос үстел қашықтығы" форматы бойынша, залда 50 адамнан аспай отырғызуға міндетті. Төртіншіден, Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21.00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне, шығуына тыйым салынады. Бұл шектеулердің транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Бесіншіден, қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысы таңғы сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін шектеледі,- деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, бұл шаралардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға негізделгені жеткізген әкім қиын кезеңде бұл жағдайға әр тұрғынның түсіністікпен және жауапкершілікпен қарайтынына сенімді.
Егер сіз қалада болсаңыз, маскалар мен антисептиктерді қолданыңыз, бір-біріңізге көмектесіңіз, санитарлық тазалықты сақтаңыз. Сіз барлық шектеулі шараларды ұстанасыз деп сенемін. Мен бірігіп қиындықтарды жеңетінімізге сенімдімін! - деді Шымкент қаласының әкімі.