Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Биылғы Жолдаудың салмағы да, ауқымы да бөлек болды – Қошанов

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
10 Қыркүйек 2025, 10:41
550
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста Президенттің Жолдауына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Парламенттің жұмысына жоғары баға бергенін атап өтті.

Биылғы Жолдаудың салмағы да, ауқымы да бөлек болды. Президент маңызды бастамалар көтерді. Алдағы жұмыстың аясын айқындап, нақты мерзімін белгілеп берді. Біздің ендігі міндетіміз – Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, - деді спикер.

Қошанов бірнеше мәселеге тоқталды.

Бірінші. Жаппай цифрландыру мен барлық салада жасанды интеллектіні қолдану идеясы осы жолғы Жолдаудың өзегіне айналғанын атап өткен жөн.

Президент стратегиялық мақсат қойып отыр. Ол – Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру. Осы орайда саланы реттеу үшін нақты заңнамалық тетіктер қажет. Бұл ретте, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң ерекше рөл атқаруға тиіс. Қазір олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған заңдарды жыл соңына дейін қабылдауымыз керек. Бейінді комитет осы жұмысты жүйелі ұйымдастырсын. – деп тапсырда Ерлан Қошанов пленарлы отырыста.

Екінші. Жылдам өзгеріп жатқан технологиялар мен жаңа экономикалық жағдайда Мемлекет басшысы алдымызға банктер туралы заңнаманы жаңарту міндетін қойды.

Бүгін біз банктер және банктік қызмет туралы заң жобасын жұмысқа аламыз. Қолданыстағы заңға отыз жыл толды. Сондықтан ол жаңартуды қажет етіп отыр. Жаңа заң қаржы секторын икемді әрі инновацияларға ашық ете түсуі керек. Финтех-компанияларды қолдаумен қатар, қарапайым азаматтардың мүддесін қамтамасыз етуге де жол ашады. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптардың пікірін тыңдап, жан-жақты талқылағаны жөн. Жалпы, бұл заңды да жыл соңына дейін қабылдауға тиіспіз, - деп айтты ол.

Үшінші. Alatau City қаласы үшін құқықтық негіз қалыптастыру.

Бұл қадам – технологиялық бағыттағы бастамалардың заңды жалғасы. Президент оған еліміздің болашақ іскерлік және инновация орталығы ретінде ерекше мән беріп отыр. Ол өңірдегі ең алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналмақ. Бұл – жай ғана қала салу емес, заманауи, қарқынды дамыған, бақуатты Қазақстан жайлы асқақ арманның орындалуы. Осы бастаманы іске асыру үшін қаланың арнайы мәртебесі туралы жеке заң қабылдаймыз, - деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Ол депутаттар халықаралық тәжірибелерді де зерттеуі керек екенін атап өтті.

Сөінше, технологиялардың қанат жаюына ғана емес, адамдардың жайлы өміріне де жол ашатын қажетті құқықтық негіз жасау – біздің басты міндетіміз.

Өзгелердің жаңалығы