Биылғы жаз шетелге саяхаттаушылар үшін жайсыз болайын деп тұр. Италия, Черногория секілді туристер көп баратын елдерде аптап орнады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Сынап бағанасы 40 градустан асады. Осыған байланысты бірқатар қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Италия астанасы Римде қазір күн жанып тұр. Сынап бағанасы 37 градустан асады. Италияға саяхаттап барған туристер демалудан гөрі ыстықтан әбден әбігерге түскенін айтады.
Сусыз, көлеңкесіз, арнайы күннен қорғайтын бас киімсіз бір жерден екінші жерге жету қиын. Сондай-ақ қала орталығындағы Пьяцца Венециядағы метро құрылысы уақытша тоқтауы мүмкін. Өйткені ми қайнатар ыстықтан жұмысшылардың жағдайы нашарлап кеткен. Құрылыс басшылығы күндізгі жұмыс уақытын қысқартуды көздеп отыр. Өйткені синоптиктер: «Алдағы бірнеше күнде сынап бағанасы 43 градусқа дейін көтеріледі», – деп болжап отыр.
Биыл Балқан түбегіне ағылған турист көп. Черногорияда демалуды жөн көретіндер саны жыл санап артып келеді. Алайда қазір – қолайсыз кезең. Ыстыққа байланысты елде қауіптің жоғары деңгейі жарияланды. Сынап бағанасы 39 градусты көрсетіп тұр. Сондай-ақ күн өтіп, қан қысымы көтерілгендер көп.
Мәселен, бір түнде жедел жәрдем қызметіне 109 қоңырау түскен. Балқан түбегіндегі тағы бір ел Солтүстік Македониядағы жағдай да осындай. Ел астанасы Скопьеде сынап бағанасы 40 гардусты көрсетіп тұр. Осыған байланысты тұрғындарға аптапта көшеге шықпау туралы қатаң ескерту жасалды.
Сондай-ақ аяғы ауыр әйелдер мен 60 жастан асқандарға жұмысқа келмеу туралы үндеу жарияланды. Өйткені денсаулығы сыр беріп, емханаларға жүгінгендері көп. Сондай-ақ қаладағы құрылыс пен жаздық ауысым кезіндегі балабақшалар тек түстен кейін 2-3 сағат қана жұмыс істейді. Ал Нью-Йорк тұрғындары саябақтағы субұрқақтарды жағалап жүр. АҚШ Ұлттық ауа райы қызметі:
«Биылғы ыстықтан қатер көп болуы мүмкін», – деп болжап отыр.
Осыған байланысты АҚШ-тың солтүстік-шығысы мен батысындағы 86 миллионнан астам адамға күннің ысуы туралы хабарлама жолданды. Сондай-ақ Нью-Йоркте биыл алғаш рет салқындату орталықтары іске қосылмақ.