Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елдегі жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйі туралы өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органының басты міндеті. Биыл республика жолдарында 7180 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 1017 адам қаза тауып, 9500 адам әртүрлі жарақат алды. Жүргізушілер жол жүру тәртібін бұзуы жол апатына алып келіп отыр. Осы жылы 4 млн-ға жуық жол жүру қағидасын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1,4 млн-ы жылдам жүрген, мыңға жуығы жол белгілерін бұзғандар, 13 мың жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарған, - деді Түсіпов.
Ол айтқандай, жол-көлік қағидаларын бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан он мыңнан астам адам айырылды.
Екі мыңға жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізушілер тарапынан жол қауіпсіздігін сақтау әлсіреген. Полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейтті. Биылғы 7 айда жол тәртібін бұзушылық 2020 жылмен салыстырғанда 60 пайызға көбейген, - деді ол.