Биыл Жайықтың суы былтырғыдан 2 жарым есе аз болмақ

Бүгiн, 09:26
182
Бөлісу:
Биыл Жайықтың суы былтырғыдан 2 жарым есе аз болмақ
Фото: gov.kz

Ал өзеннің деңгейі Орал қаласы тұсында 6 метр жарымнан аспайды. Қауіпті меже 850 см. "Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов BAQ.KZ тілшісіне биылғы болжаммен бөлісті.

Дәл қазір облыстың жарты аумағында, яғни Бөкей Ордасы, Жәнібек, Казталовка, Жаңақала және Ақжайық ауданының оңтүстік бөлігінде қар толығымен кетіп болды. Солтүстік және шығыс аудандардағы қар жамылғысының қалыңдығы 15-20 см аспайды. Оның өзі осы аптаның аяғына дейін еріп бітпек.

Өйткені наурыздың ортасына қарай оңтүстік аудандарда сынап бағанасы +18, Орал қаласында +10 градусқа дейін көтерілмек. 

Тасқынды қалыптастырушы фактордың бірі топырақтың ылғалдылығы десек, былтыр күзде түскен ылғал нормадан 65% кем. Барлық деректерді талдау нәтижесінде биыл облыстағы кіші өзендер, яғни Жайықтың салалары саналатын Деркөл, Шаған, Елек, Шыңғырлау өзендерінде су орташа және жоғары деңгейге жақын болады, бірақ қауіпті межеге жетпейді деп болжап отырмыз. Яғни өзендер арнасынан аспайды. Аймақтың басты артериясы Жайықпен облысқа 3,2-5,2 млрд текшеметр мөлшерінде су келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр 11 млрдтан астам текше метр су келді. Яғни Жайық суы былтырғыдан 2 есе жарым аз болады Өзен деңгейі ең әрі кеткенде 650 сантиметрге көтеріледі. Қауіпті меже 850 см. Бүгінгі күні Орал қаласы тұсында су деңгейі 172 см. 10 наурыздан бастап Орынбор облысындағы Ирикла қоймасынан Жайыққа тасталған су мөлшері секундына 156 текшеметрден 201 текшеметрге жетті. Былтыр осы уақытта аталған көрсеткіш бар болғаны 15 текшеметрді құраған еді. Бұл су қоймасын алдын-ала босатып, тасқынға дайындау үшін жасалды. Қазір Ирикла су қоймасы 73% толып тұр, - дейді филиал директоры Тілеген Шапанов. 

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы