Биыл елімізде «Zhas Project» жобасына 250 грант бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, жоба 20 өңірде жүзеге асырылады.
Жастардың аталған жобаға қатысу географиясын кеңейту мақсатында 2023-2024 жылдары жобаны жыл сайын еліміздің 20 өңірінде жүзеге асыру көзделген. Былтыр жобаға 6 өңірде пилоттық түрде жүзеге асырылды. Биыл жастарға 250 грант табысталды. «Zhas Project» жобасының негізгі басымдығы – аз қамтылған ауыл жастарын аталған жобаға белсенді қатысуға тарту. Жобаны сапалы және тиімді іске асыру үшін әр өңірде арнайы жобалық кеңселер ашылып, байланыс орталықтары құрылды. Жобаның түпкі міндеті - аталған гранттар жастардың өз бетінше дамуына және болашақта кәсібін тұрақты дамытуға негіз болады, - деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол жоба аясында шағын гранттар конкурсына өтінімдерді қабылдау қашан басталатынына тоқталды.
Өтінімдер қабылдау 9-22 қазан аралығында жүргізіледі. Жобаның негізгі мақсаты – ақпараттық-түсіндіру, білім беру және жастарға бағытталған жұмыстарды жүргізу арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолайлы жағдайлар жасау. Жоба уақытша жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс жүрген 18 жастан 35 жасқа дейiнгi жастарды қолдауға бағытталған, - деді Роллан Құспан.