Биыл Жамбылда катерлі ісік алғаш анықталған аурулар саны 1 500-ден асты

5 Ақпан 2022, 11:45
2868
Бөлісу:
Биыл Жамбылда катерлі ісік алғаш анықталған аурулар саны 1 500-ден асты

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық обыр дертіне қарсы одақтың бастамасы негізінде 4 ақпан – Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні болып бекітілген. Сондықтан да 1 ақпаннан бері ел аумағында онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтаудың онкүндігі өтіп жатыр.

Бұл туралы Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлжан Тайтелі айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл шара қауіпті жаман аурулардың алдын алуды, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүргізуді, скринингтік тексеруді, онкологиядан сақтануды және тұрғындардың өз денсаулықтарына жауапкершіліктерін қалыптастыруды, білім деңгейлерін көтеріп, дерттің санын төмендетуді мақсат етеді.

Өткен жылы Жамбыл облысында 7 777 азамат қатерлі ісікпен есепте тұрды. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 7 651 еді. Ал биылдыққа катерлі ісікпен алғашқы рет анықталған аурулар саны 1 514-ті құрады. Бұл аурушаңдықтың жылдағыдан аздап көтерілгендігін байқатады. Бұның себебі қатерлі ісктің ерте сатысынан көп анықталуына байланысты деп ойлаймыз, - деп түсіндірді Гүлжан Әбдіхалыққызы.

Қауіпті дерттің өлім көрсеткіштеріне тоқталған ол былтыр аймақта 784 науқас көз жұмғанын жеткізді. Алдыңғы жылы 768 адам қайтыс болған екен.

Жауапты маманның айтуынша, 2021 жылы Жамбыл облысындағы қатерлі ісікпен алғашқы рет ауырған 1 514 азаматтың 57,5 %-ы сырқаттың бірінші және екінші сатыларында екені белгілі болған. Бұл дегеніміз осыншама ауру жан қажетті ем-домын уақытында және жауапкершілікпен, сеніммен алатын болса, сауығып кету мүмкіндігі көп дегенді білдіреді. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін аурудың дер кезінде алдын алудың және дертті ертерек анықтаудың маңызы аса жоғары.

Қатерлі ісіктің ерте сатысында анықталуына келсек, былтыр бұл көрсеткіш 21,9 %-ды құраған. Статистикалық деректерге жүгінсек, облыста өткен жылы обыр ауруының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шықты. Нақтырақ айтсам, 11,4 %-ды құрады. Екінші орында 10,6 %-бен өкпенің қатерлі ісігі тұр, асқазанның қатерлі ісігі де 8 %-ды шамалайды. Тері қатерлі ісігі де осымен деңгейлес, 7,8 %. Бауыр қатерлі ісгі 4,4 % болса, жатыр мойны қатерлі ісігі – 4,3 %, өңеш де осындай, - деді Гүлжан Тайтелі.

Дәрігердің мәліметінше, жамбылдықтарға Тараз қаласындағы 160 төсектік, оның ішінде 105 төсек – тәуліктік стацинармен, 55 төсек – күндізгі стационармен, облыстық онкологиялық диспансері және басқа да емханалардың ішіндегі 20 онкологиялық, 21 мамологиялық бөлме қажетті қызметтерін көрсетеді. Айта кетерлігі, осыдан бес жыл бұрын Қант зауыты аумағындағы байырғы онкологиялық диспансер нысанында 30 төсектік орталық ашылған. Бұл денсаулығы нашар азаматтардың тіршілігін уақытша оңалтуды көздейді.

Адамзат атаулының ең қымбат байлығы – денінің саулығы, бұған салғырт назар аударуға болмайтынын бәріміз білуге тиіспіз. Ең бастысы, дер кезінде дәрігерге көрініп тұрған абзал. Қатерлі ісікті болдырмау үшін обыр дертіне әкеліп соғатын індеттерді емдеу жұмысына ыждаһатпен көңіл бөлу қажет. Яғни, емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың жұмысын жандандыра түскен дұрыс. Мәселен, сүт безі, жатыр мойны, тікішек, тері, қалқанша безі обырларына әкеліп соғатын дерттерге уақытында ем-дом жүргізсе, ол асқынып кетпейді. Сол себептен, әрбір тұрғын медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінген кезінде әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен өткені жөн, осы тексеріс кезінде қатерлі ісік дертін, әсіресе көзге көрінетіндерін ертерек сатысында анықтап алуға көмектеседі, - деді онколог.

Тұрғындар қашан да медициналық жәрдем алу үшін алдымен емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың мамандарына жүгінетіндіктен, онкологиядан сақтану талаптарын жүргізуге сол емдеу мекемелерінің дәрігерлері айрықша жауапкершілік танытуы тиіс. Бұл орайда, Жамбыл облысының онкологиялық диспансері қауіпті жаман дерттен сақтану принциптерін енгізу және оны ертерек анықтауды үйрету мақсатымен 3 білім жетілдіру шараларын өткізіп, 60 дәрігер мен 105 орта буынды маманның біліктіліктерін арттырған екен. Аталған шаруаны жергілікті онколог және мамолог дәрігерлері де әркез жалғастырып жатыр.

Қатерлі ісікті анықтау ісінің тиімді тәсілі – нысаналы топқа жататын азаматтарды скринингтік тексерістен өткізу. Бүгінде сүт безі, жатырмойны және тоқішек, тікішек қатерлі ісіктерін ертерек табу мақсатында скринингтік тексерістер жасалу үстінде. Мәселен, 2021 жылы жамбылдық 57 359 әйел сүт безі обырын анықтауға арналған скринингтік тексерістен өткен. Бұл шара барыснда 31 әйелден сүт безі қатерлі ісігі аныталыпты, оның 10-ы бірінші сатысында болса, 20-сы екінші сатысына өтіп үлгеріпті. 1 адамнан үшінші сатысында белгілі болды. Дерт неғұрлым алғашқы сатыларында анықталса, емдеу нәтижесі де жоғары болады, - деді қайталап Гүлжан Әбдіхалыққызы.

Сүт безі қатерлі ісігі негізінде берілген құжаттардың деректеріне сүйенсек, нысаналы топқа жататын әйелдердің жасы 40-70 аралығында болуы шарт. Яғни, әрбір әйел 40 жасынан кейін екі жылда бір жергілікті емханалардағы бөлмелерде мамографиялық тексерістен өтулері қажет.

Аймақта жатыр мойнының обыры ауруын тексеруден 49 774 әйел өтіпті. Тексеріс шаралары кезінде 18 әйелдің аталған індетке шалдыққаны белгілі болған. Оның 16-сы бірінші сатыснда анықталса, 2-еуі екінші сатысында көзге көрінген. Қазіргі таңдағы ем-шаралардың нәтижесі көңілге қонады. Жатыр мойны қатерлі ісігінің нысаналы тобына жататын аналардың жасы – 30-70 аралығы. Демек, әрбір әйел 30 жасынан кейін 4 жылда бір жергілікті емханалардағы арнайы бөлмелерде цитологиялық тексерістен өткені абзал.

Тоқішек пен тікішек обырларын анықтаудан 56 179 тұрғын скринингтік тексеруден өтті. Тексеру шаралары барыснда 9 адамнан қатерлі ісік аныталса, оның 3-еуі бірінші стысында, 6-ауы екінші сатысында белгілі болды. Бұл скринингтік тексерістен өтетін топ - ерлер мен әйелдердің жасы 50-70 аралығында. Осы жастағылар екі жылда бір рет жергілікті емханаларындағы бөлмелерге барып, үлкен дәретіндегі қанды анықтайтын зертхананың көмегіне жүгінулері тиіс, - деп атап өтті дәрігер-онколог.

Ол жергілікті медициналық ұйымдардың мәліметін алға тартып, шамамен аймақтағы тұрғындардың 20-22 %-ы әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпегенін айтты. Яғни, оларға медициналық жәрдем көрсетілмеуі мүмкін немесе ақылы негізде жүргізіледі. Ал бұл электрондық денсаулық құжатына кері әсерін тигізеді.

Тағы бір айта кететін жағдай, әрбір адам жыл мезгілдерінде әртүрлі себеппен емханаға жүгінген кезде ондағы ерлер мен әйелдерді тексеретін кабинттерден өткені дұрыс деп есептеймін. Өйткені, тексеріс жасайтын кабинеттерде көзге көрінетін қатерлі ісіктерді ертерек сатысында анықтауға болады. Онкологиялық скрининг тексеруіне тек қана емхана жауапты болмауы керек, әрбір азамат өзінің денсаулығына жауапты, - деді Гүлжан Тайтелі.

Өзгелердің жаңалығы