Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңгеге өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасы іске қосылады

26 Қаңтар 2024, 08:07
539
Бөлісу:
Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңгеге өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасы іске қосылады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында импортты алмастыруды дамыту және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өскенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның импортталатын тауарлардың едәуір бөлігін жергілікті жерде өндіру үшін әлеуеті жеткілікті.

Бұл жұмысқа ел ішіндегі құндылықтарымыз болып табылатын кадрларымызды, шикізат пен тауарларды барынша жұмылдыру маңызды. Үкімет бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастырады, — деді Әлихан Смайылов.

Орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен ұлттық компаниялар басшылығының, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен отырыс барысында техникалық реттеу, сертификаттау, трансферт және озық технологияларды енгізу, өндірістерді оқшаулау және декарбонизациялау, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Бизнес көтерген барлық өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, даму институттары мен әкімдіктер тарапынан толық түсініктемелер берілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өз баяндамасында өткен жылдың 11 айының қорытындысына сәйкес өңдеу өнеркәсібінің сыртқы сауда айналымы 12%-ға артып, $74,2 млрд-ты құрағанын атап өтті.

2023 жылы ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында жалпы құны 66 млрд теңгені құрайтын ұзақ мерзімді 179 шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалды. Сонымен қатар өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ірі компаниялар («Қазақмыс», ERG, «Қазмырыш» және т.б.) өз айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруда.

Импорт алмастыруды ынталандыру үшін отандық өңдеушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету механизмі іске қосылды. Бүгінде металдың үш негізгі түрі – алюминий, мыс, қорғасын бойынша 25 келісім жасалды. Бұл өңдеуді тереңдетіп, республикада өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорындардың инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңінен қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдірілуде.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде импортты алмастыруға және экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 930 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылып, 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, лак және бояу материалдары, арматура, арнайы жұмыс киімі, медициналық жиһаздар, жылу сақтағыш материалдар, лифттер және т.б импортқа тәуелді тауарлар өндірісі жолға қойылды.

Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты, Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған темір бөлшектер шығаратын зауыт, Павлодар облысында ұсталық-бандаж кешені, Алматы облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт және Қарағанды облысында жел энергетикасы қондырғыларына арналған құрамдас бөліктер шығаратын зауыт.

Қорытындылай келе, Премьер-министр импорт алмастыруды дамыту экономика тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

Бұл ретте кешенді жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатта Үкімет Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын қабылдады. Атап айтқанда, отандық тауарлар номенклатурасын кеңейту және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру арқылы өндірістің өсуін ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, сонымен қатар кәсіпорындардың негізгі қорларын уақтылы жаңарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу маңызды міндеттер болып табылады.

Өндірісті локализациялауды арттыру мақсатында жобалар қолжетімді қаржыландырумен, оның ішінде бюджеттен тыс көздер және кепілдік беру тетіктерін кеңейту есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл шаралар кәсіпорындарға шетелдік тауар жеткізушілермен табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Отырыста Үкімет аппараты басшысының орынбасары Асқар Биахметов отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында бұрын көтерілген бизнес мәселелерін қарау барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, көлік, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ секторы және адами капиталды дамыту сияқты салалар бойынша жүзден астам мәселе қаралды. Бизнестің барлық түйткілді мәселелері Үкіметтің бақылауында, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өзгелердің жаңалығы