Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те баяндама жасады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысының айтуынша, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 848,4 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспарланған жаздық егістіктің (495 мың га.) 35 мың гектары егілген.
Өткен жылы бюджетті қалыптастыру барысында биылға 112 500 тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Алайда жыл басынан тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан минералды тыңайтқыштар бағасы 2,4 есеге дейін өсті, – деген Өмірзақ Шөкеев тыңайтқыштар мәселесін шешуге қосымша қаржы қажет екенін жеткізді.
Қазіргі таңда облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығын тудырмау мақсатында ерте пісетін өнімдер, атап айтсақ, картоп – 8,5 мың, пияз – 2,1 мың, сәбіз – 1,9 мың, қырыққабат 7,8 мың гектарға егілуде. Аталған өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу жөнінде бірнеше облыс әкімдігімен меморандумдар түзілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар техникалардың 92%-ы дайын. Жер айдау жұмыстары 88%-ға, сор шаю жұмыстары 75%-ға орындалды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 50 мың тоннаға жуық жанармай бөлінген.
Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді тапсырып, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ын субсидиялау әрі қарай жалғасатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыруды тапсырды.