Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әрбір ауылға, оның ішінде шалғай елді мекендерге сапалы ауызсу бару үшін топтық су құбырларын салып, реконструкция жасау керек.
Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың км құрайтын 74 топтық су құбыры бар. Оның ішінде 13 мың км болатын 37 су құбыры республикалық меншікте. Олар 1,1 млн адам тұратын 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтиды.
Егер 2019 жылы Павлодар облысындағы Беловодский, Май және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілсе, 2020 жылы жұмысы аяқталған нысандар саны көбейді.
Олардың ішінде Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қаскелең топтық су тартқышы да бар. Жобаның жалпы құны 2 493,8 млн теңгені құрайды. Жоба 2013 жылы басталып, Экология министрлігінің көмегімен 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 100 мың тұрғыны бар Қаскелең қаласындағы сумен жабдықтау жұмысы жақсара түсті.
Осы жылы жүзеге асқан тағы бір жоба - Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Кенашы жерасты сулары кен орнынан Жымпиты ауылын сумен жабдықтау. Жоба құны - 2 157,4 млн теңге. Оның арқасында 2 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, Сырым ауданының 10 мың тұрғыны бар 5 елді мекенінде су беру мәселесі жақсартылды.
Бұдан бөлек Қызылорда облысындағы Жиделі топтық су құбырының пайдалануға берілуі нәтижесінде 14,5 мың адам тұратын 8 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізді. Өңірде 2021 жылы Жаңақорған ауданындағы Талап су құбырының құрылысы аяқталмақ. Оның жалпы құны - 5 932,3 млн теңге. Аяқталғаннан кейін 9 ауылға су жеткізу жақсарып, 19,7 мың адам тұратын 3 ауыл ауызсумен қамтылады.
Аталғандармен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбыры (ІІ кезең) қайта жаңартудан өтіп жатыр. Жобаның жалпы құны - 4 699,6 млн теңге. 2021 жылы ол пайдалануға берілсе, өңірдің 16 мың тұрғыны бар 17 ауылында су беру жақсарады.
Министрлік 2022 жылдың соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үш жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.
Үкіметтің тапсырмасымен министрлік бұрын басталып, аяқталмаған жобаларды қолға алды. Біз 2019 жылы 3 магистральді су құбырын қолданысқа бердік, биыл – 1 су құбырын, ал 2022 жылға дейін тағы 3-еуі пайдалануға беріледі. Бұл 210,6 мың адам тұратын 39 ауылды сумен қамтиды, - деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.
Айта кетейік, бүгінде қалалардың 97,2%-ы, ал ауылдардың 86,4%-ына орталықтандырылған сумен жабдықтау жеткен. 5 жыл ішінде елде 3 мың шақырым топтық су құбырлары салынады. Осылайша ауызсумен қамту 100%-ға жеткізіледі.