Солтүстік Қазақстан. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда зауыт ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы техникасының алғашқы партиясы шығарылып, астық оруға кіріспек.
Бұл өңірдегі машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік береді.
Неміс инвесторларымен ұзақ жүргізілген келіссөздер өз нәтижесін беруде. Бұл ең алдымен комбайндарды арзанға алуға мүмкіндік туғызады. Мәселен, өзімізде құрастырылған техника диқандарға 50 пайызға арзанға түседі. Әрі егін себу мен орақ науқанын жылдам және шығынсыз өткізуге мүмкіндік береді. Әрине, бірінші кезекте ескі техникалардан арылу мақсаты тұр. Мысалға, шаруашылықтардағы трактор-комбайндарды 2018 жылы – 1,9, 2019 жылы - 3,1, ал былтыр – 4,2 пайызға жаңарттық. Ендігі мақсат 6 пайызға жеткізу, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Облыста «Bio Operations» зауытын жаңғыртудың соңғы кезеңі аяқталды. Осының арқасында кәсіпорында биоэтанол шығарыла бастады. Бұл өнім отандық мұнай өңдеуші зауыттарға жіберілуде. Қазіргі күні 1 тонна бидайдың нарықтағы бағасы 90 мың теңге болса, сол астықтан алынған биоэтанол 134 мың теңге тұрады. Таза пайдасы – 1,4 есеге көп. Осылайша, шикізат өндірушіден дайын тауар экспорттаушыға айналуды көздеп отыр.
Биыл 338 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің жобаларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бос жатқан ғимараттар қалпына келтіріліп, өндіріс ошақтарын ашып жатырмыз. Фанера шығаратын фабрика, жұмсақ контейнерлер зауыты, изотермиялық термос-вагонар өндірісі іске қосылды. Дата-орталық пен кірпіш зауытының құрылысы жүріп жатыр, бұл экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, танымал брендтерді тарту арқылы басқа инвесторларға өңірдің қолайлылығын көрсету, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл өңірде сабаннан қағаз өнімдерін шығаратын зауыт пен ағаш жаңқаларынан жасалатын жиһаз тақтайшаларын өндіретін кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.