Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қала басшылығы үстіміздегі жылы қолға алынатын 77 жоба аясында 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында Өскемен қаласындағы орта білім беретін мекемелерді жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жалпы, қала бойынша 24 білім ордасының ғимараты жөндеуден өтетін болады. Олардың ішінде 17 мектеп, 7 балабақша және "Жас техниктер" станциясының ғимараты бар.
Аталмыш бағдарламаның басты міндеті - бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту екені белгілі. Осыған орай, Өскемен қаласы бойынша қолға алынған 77 жоба арқылы бес мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жұмыспен қамтылатын азаматтардың айлықтары ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен, яғни 85 мың теңгеден төмен болмайды, - дейді Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Альмира Мусинова.
Жөндеу жұмыстары барысында білім ордаларының ғимараттары ғана емес, сонымен қатар кәріз және электр жүйелері де жаңартылмақ.
Жалпы көлемі 680 шаршы метрді құрайтын ағаш терезелер толықтай пластикке ауыстырылады. Бұдан бөлек, 86 жаңа есік орнатылады. Электр жүйелері белгілі бір көлемде жаңартылса, сантехникалық жүйелер толықтай өзгертіледі. Сондай-ақ санитарлық жүйелердің қабырғалары мен едендеріндегі ескі плиталар жаңасына ауыстырылады, - дейді білім ордаларының бірінде жөндеу жұмыстарын бастап жатқан "Строй техноцентр" ЖШС-ның директоры Михаил Пиксель.