Шымкент қаласының экономикасына 2023 жылдың бірінші жартысында барлығы 283 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Мұны Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов айтты, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” деген Жолдауында “Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі” деп тапсырды.
Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігінің хабарлауынша, 2023 жылы қала экономикасына барлығы 721 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр екен.
2023 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысына сәйкес, Шымкент экономикасына барлығы 282,8 млрд теңге тартылды. Осылайша тартылған инвестиция көлемінің өсімі былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 123,9% болды. 2023 жылы барлығы 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осылайша биылғы көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 32%-ға артпақ, – дейді әкім М.Әйтенов.
Оның айтуынша, биыл қалада өңдеу өнеркәсібінің түрлі саласында барлығы 14 кәсіпорын ашылады. Бұл кәсіпорындардың инвестициялық құны – 14,2 млрд теңгеге жетеді. Жаңадан 380 жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.
Қазір «Shymkent Temir» ЖШС-нің Болат блюм өндірісін кеңейту және «NURTAU distribution company» ЖШС Азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, антисептиктер, сұйық және қатты сабындар шығаратын зауыты іске қосылып, штаттық режимдежұмыс істеп жатыр, – деді Мұрат Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, 2023-2027 жылдары жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны бар 273 инвестициялық жобаның пулы жасақталыпты. Биыл 142 млрд теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылып, 3900 жаңа жұмыс орны ашылмақ екен.
Бұдан бөлек, 2023-2027 жылдар аралығында шетелдік инвесторлардың қаржысына инвестициялық құны 101,9 млрд теңге болатын 2670 жаңа жұмыс орнын құруға арналған 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.