Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Шымкентте 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 1 млн 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысы Ғалымжан Өтенбаев қаладағы тұрғын үй кезегі, биыл түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтарға берілетін пәтерлер, реновация бағдарламасы туралы айтып берді.
– Биыл түрлі әлеуметтік санаттар бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға қанша пәтер беріледі?
– Биыл 1605 пәтер береміз, деген жоспар бар. Мұның 54-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 476-ы көпбалалы отбасыларға, 218-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына және жұмыс істейтін жастарға 857 пәтер беріледі. Қазір тиісті құжаттар ресімделіп жатыр. Жыл ортасына дейін жоспарланған пәтердің барлығын үлестіріп бітеміз.
– Қазір Шымкентте қанша адам үй кезегінде тұр?
– Дәл қазір Шымкент қаласында баспанаға мұқтаж 48623 адам үй кезегінде тұр. Оның 1819-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Көпбалалы отбасылар санаты бойынша 9186 отбасы тіркелген. Ал 16957 адам халықтың әлеуметтік әлсіз тобы бойынша тіркеуде тұр. Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме және әскери қызметшілер санатында 20634 адам тіркелді. Сондай-ақ, жалғыз үйі апатта деп танылған 27 азамат тіркелген.
– Тозығы жеткен үйлерді толығымен жаңарту, яғни реновация бағдарламасы Шымкентте де жүзеге асырылмақ. Шымкенте осы бағдарламаға енгізілген қанша үй бар? Бұл бағдарлама қалай жүзеге асады?
– Қала аумағында ескіріп, тозығы жеткен апатты жағдайдағы 107 тұрғын үй бар. Бұл үйлердің 56-ы Абай ауданында, 43-і Әл-Фараби ауданында, 8-і Еңбекші ауданында орналасқан. Барлығы реновация бағдарламасына енгізілген. Реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы жүзеге асыруды қарастырамыз. Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бар. Сол мекемеге инвесторлар келіп, қызығушылық танытып жатады. Олардың қызығушылығына сәйкес, ұсынысымызды бердік. Осы 107 тұрғын үйдің мекенжаймен қоса әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ұсыныс ретінде беріп қойғанбыз. Ол мекеме инвесторларға барынша түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. Инвесторлар біздің басқармаға да келіп, қызығушылық танытқан жерді сұрап, ақпарат алып жатыр. Біздің тараптан да барынша түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Қазір бізде тозығы жеткен 2 қабатты үйлер бар. Сол үйлерді сүріп тастап, орнына көпқабатты тұрғын үй салуды ұсынып жатырмыз.
– 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беруге конкурс қашан басталады?
– Қазіргі таңда құжаттары ресімделіп жатыр. Яғни әр үйдің қанша шаршы метр болатыны жөнінде техқұжаты дайындалып жатыр. Осы жұмыс аяқталған соң, конкурс жарияланады. Жоғарыда айтқанымдай, бірінші жартыжылдыққа дейін әр санат бойынша таратылатын пәтерлерді тапсырамыз.
– Тұрғын үй сертификаты қашан беріледі?
– Тұрғын үй сертификатының мәселесі қаралып жатыр. Қаржы да қаралған. Бірақ бюджеттік комиссияны күтуіміз керек. Мейлінше тездету үшін арнайы ұсыныс білдіреміз.
– Үйді брондайтын кезде сайтта көптеген мәселе туындайды, қатып қалады деген сияқты бұл мәселені шешу жоспары бар ма?
– Осы мәселе бойынша біз сайт жасайтын мамандармен сөйлестік. Қазіргі таңда мәселенің шешімін табу үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, Тұрғындарға барынша қолайлы қылу үшін жағдай жасауымыз керек. Былтыр «сайт ашылмай қалды, сағаттап отырып жұмысымызды істей алмадық» деген шағымдар болған. Енді мұның себебі түсінікті. Бір мезетте мыңдаған адам сайтқа кіреді. Сол олқылықтар қайталанбауына күш саламыз.