Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, биыл 9, 11 сынып оқушыларына қорытынды аттестаттау өткізілмейді.
Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады. Жауапты тұлғаның хабарлауынша, қорытынды аттестаттау бағасы ағымдағы бағалар мен тоқсандық бағалау негізінде шығарылатын көрінеді.
Өздеріңізге белгілі, біз жыл сайын "Алтын белгіге" үміткер оқушылардың тізімін жасақтаймыз. Болжамымызға сәйкес, биыл облыс мектептерінен 746 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. 2017 жылдан бастап аталмыш белгіге үміткер балалардың білімін дәлелдеудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, биыл өңірдегі орта мектептерді 8200-ден астам бала тәмамдайды деп болжап отырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу жылдағыдай – маусым айының соңы шілде айының басында өткізілетін болады. Қазіргі уақытта ҰБТ тапсыруға онлайн режимінде өтініштер қабылданып жатыр. Шығыс Қазақстанда 6473 түлек ҰБТ тапсырады деп болжап отырмыз, - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу сайтында тест сұрақтарының 70-ке жуық нұсқасы жарияланған. Осылайша, кез-келген оқушыға аталмыш сайтқа кіріп, тегін түрде ҰБТ-ға өз дайындығын сынап көруіне жағдай жасалған.