Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл сумен қамту нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл 208 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елді мекенді ауызсумен қамту сапасын жақсартуға және 4 ауылды орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
8 жобаны аяқтау нәтижесінде 536 шақырым су құбыры салынады. Атап айтқанда, Ақмола облысында Красная поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарында топтық су құбыры салып жатыр.
Қызылорда облысында Байқожа топтық су құбыры реконструкциядан өтуде.
Сондай-ақ, Арал ауданында Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосаман-Ақбасты желісін салу және Ақбасты елді мекенін орталықтандырылған су жүйесіне қосу жобасы іске асырылуда.
Ал, Жаңақорған ауданында Талап топтық су құбырының қуатын арттыру үшін қосымша ұңғымалар қазылуда.
Солтүстік Қазақстан облысында Булаев және Есіл топтық су құбырлары реконструкциядан өтуде.
Ұлытау облысында Сәтбаев қаласы мен оларға жақын маңдағы барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Есқұла топтық су құбырының құрылысы аяқталуға жақын.
Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл қалалық және ауылдық елді мекендердегі 208 мыңнан астам адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін 8 ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жобалар халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сол себепті оларды межесіне жеткізу өте маңызды, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.