Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қостанай облысында 500 шақырымнан астам автожол жөнделеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты.
Биыл 500 шақырымнан астам автожол мен елді мекендердің 220 көшесі жөнделеді. Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78 пайызды құрап отыр. Осы жылдың қорытындысы бойынша аталған үлесті 85 пайызға дейін жеткізу жоспарланған, – деді өңір әкімі.
Әкімнің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері өңірде жалпы құны 64,9 млрд теңгені құрайтын 317 жоба қолдауға ие болды. Олардың басым бөлігі агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өңдеуге және қайта өңдеуге бағытталған жобалар болды.
Машина жасау, металлургия өнімдері, металл емес өнімдер және тамақ өнімдері өндірісінің ұлғаюы есебінен өңдеу өнеркәсібі 13,8 пайызға өскенін көрсетеді. Өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, таяу болашақта өсім қоры ретінде 1,8 трлн теңгеге 52 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл жобалар облыс экономикасын одан ары индустрияландыруға септігін тигізетін 8 мың жұмыс орнын ашуға да мүмкіндік береді. Өңірдің экономикалық өсім драйвері саналатын машина жасау саласына жеке тоқталғым келеді. Автомобиль жасаудың арқасында өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 55,6 пайызға жетті, – деді Архимед Мұхамбетов.