Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота мөлшерін бекітіп, бөледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылы бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,2% мөлшерінде белгіленді.
2025 жылы ШЖК-ны жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді: бірінші санат бойынша 649 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 254 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 5 718 және 1 161 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 4 097 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкін.
Бұдан басқа, 2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3% мөлшерінде белгіленген.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге ШЖК тарту үшін 14,5 мың рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 66% - ын (22 мың) құрады.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 233 шетел азаматы жұмыс істейді.
2024 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға 294,1 мың бірлік квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 292 668 рұқсат берді.