Биыл қай өңірлерде су басу қаупі жоғары? – министрлік болжамы

Бөлісу:
Биыл қай өңірлерде су басу қаупі жоғары? – министрлік болжамы
Фото: ОКҚ

Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің есебі бойынша биыл аймақтардың ішінде 4 облыста күрделі жағдай орын алуы мүмкін деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында биылғы су тасқынына дайындық шаралары бойынша брифинг өткізді. Ведомство өкілдерінің айтуынша қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жан-жақты жүргізіліп жатыр.

Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймалары мен басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмысты бастады. Министрлік 20 жобаны іске асыруды қолға алған. Мәселен, Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 млн текше метрге жетті.

Биыл қай өңірлерде су басу қаупі жоғары? – министрлік болжамы
ОКҚ

Ал, Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда бірінші рет Киров су қоймасы жөнделді. Бұдан бөлек, суару каналдары қалпына келтірілді. Атырау облысында 41 жылда алғаш рет ұзындығы 74 шақырым болатын "Ақсай" каналы жөнделді. Астана су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал, Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық аясында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді. Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп іске асырған.

Және 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары.

Қазір еліміздің барлық су қоймалары тасқын суды қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалуда. Министрліктің бассейндік инспекциялары Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктермен бірге еліміз бойынша 1502 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізді. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер жойылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеуде.

Қазір жүйе жаһандық GloFAS су тасқыны туралы ескерту жүйесіне біріктірілді.

Tasqyn жүйесі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік береді. Бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі наурызда беріледі. Су ресурстары және ирригация вице - министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, су тасқынының қаупіне қатысты нақты ақпарат сол кезде белгілі болады.

Биыл қай өңірлерде су басу қаупі жоғары? – министрлік болжамы
ОКҚ

Казгидромет бізге болжамдарды ақпанда береді. Әзірге нақты мынау өңірді су басады деп кесіп айта алмаймыз. Алайда, алдын ала болжам бойынша Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында су тасқынының қаупі жоғары болады деп айтуға негіз бар – деді вице-министр.

Нұрлан Алдамжаров су тасқынына қарсы шараларға мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты да айта кетті. Былтыр бюджеттен "Қазсушар" мекемесіне 2,3 миллиард теңге бөлінген. Тағы 29,3 миллиард "Демеу Қазақстан" қоры арқылы қарастырылған екен. Бүгінгі таңда елдегі гидротехникалық нысандар су тасқынына 50 % дайын екен. Көктемге дейін олардың әзірлігін толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы