Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды салу жоспарлары туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде жазды.
Өткен жылы облыс тұрғын үй құрылысы бойынша тарихи максимумға қол жеткізді. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен біз 662 мың м² тұрғын үйді пайдалануға бердік. Бұл шамамен бес мың пәтер. Ал 2022 жылы 708,2 мың м² немесе 8 мыңға жуық пәтерді салу жоспарланған. Биылғы жылы мемлекет табыс деңгейі төмен кезекте тұрған азаматтарға жалдау ақысын субсидиялау, құрылыс салушылармен ұзақ мерзімді келісімшарттарды жасасу, өз қызметкерлері үшін үй салатын ауылдағы кәсіпкерлерге субсидияларды беру сынды жаңа тетіктерді енгізетін болады. Қазірдің өзінде Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарындағы сегізге жуық шаруашылық осы шарттарға сәйкес өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салуға әзір екендіктерін білдірді. Біз жоспарлағандай Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай кеншілері мен металлургтері үшін жаңа ипотекалық бағдарламаға облыстық бюджеттен миллиард теңге бөлінді, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ биыл білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында 34 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізілуде.
Алдағы уақытта жаңа спорт нысандарының ашылуы күтіліп отыр. Наурыз айында Жаңаарқа кентіндегі бассейн, сәуірде Ботақара кентінде ДСК, мамырда Шахтинск қаласында ДСК және Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионының қайта жаңартылуы, шілде айында Нұра ауданының Шахтерское кентіндегі хоккей кортынын ашылуы, ал қазанда Егіндібұлақ ауылындағы ДСК, қараша айында Ұлытау ауданының Жезді кентінде ДСК, желтоқсан айында Нұра ауданының Нұра кентіндегі бассейнді пайдалануға беру жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Бұдан басқа, Бұқар жырау ауданының Мұстафин кентінде ДСК құрылысы бастау алады.
Сонымен қатар Қарағандыдағы «Күнгей» және «Гүлдер» шағын аудандарында, Көгілдір тоғандар маңындағы жаңа құрылыстар жүргізіліп жатқан ауданда мектептерді салу бойынша бірнеше жоба әзірленуде. Сондай-ақ Бұқар жырау ауданының Новостройка, Қарқаралының Талды ауылдарында және Жезқазған қаласының Геологический кентінде мектептерді салуды жобалау жұмыстары қолға алынады, – деп жазды әкім.