Биыл Қостанай облысында 9,5 мың шақырым жол жөнделеді

7 Шілде 2020, 13:25
1540
Бөлісу:
Биыл Қостанай облысында 9,5 мың шақырым жол жөнделеді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында Қостанай облысында 2 мың шақырым жол жөнделеді. Негізінен қамтылатын аумақ – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

"Нұрлы жол" аясында...

2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын жолдарды жөндеуге кемінде 20,0 млрд теңге бағытталып, осы кезеңде 2 мың км автожолға (жылына 500 км шамасында) жөндеу жүргізіледі, - деген еді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жақында облыс әкімдігінде өткен жиналыста.

Осыған байланысты, республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен тепе-тең негізде 50/50, 10 млрд теңгеден, жалпы 20,0 млрд теңгеге қаржыландырылатын учаскелердің тізбесі бекітілді. Аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу Әулиекөл, Амангелді, Бейімбет Майлин, Науырзым, Жангелдин, Жітіқара, Денисов, Сарыкөл, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Федоров аудандарында, сондай-ақ, Арқалық қаласында жүргізіледі.

"Ұлттық жол активтері сапасының орталығы" облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың мәлімдеуінше, өңірде жол саласына қатысты 350 жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Бұған бөлінген қаражат – 680 млрд теңге.

Біздегі қарқынды әрі үлкен жұмыс – "Нұрлы жол" бағдарламасы шеңберінде қолға алынған "Қарабұтақ-Қостанай" тас жолын жөндеу жобасы. Рудный қаласынан Денисов ауылына дейін жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жолдың жалпы ұзақтығы – 114 шақырым. Аталған аумақтағы жұмысты қадағалау – біздің мекеменің міндеті, - дейді Абылайхан Алшынбаев.

Қостанай облысында 2019 жылы ашылған жол орталығы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында үнемі тексеру жүргізіп келеді. Бұл мекеме бүгінге дейін 624 тексеру өткізіп, 593 ереже бұзушылықты анықтаған. Зертханалық сынақта жарамсыздығы белгілі болған 81 материалды жол құрылысына пайдалануға тыйым салды.

Биылға – 43,7 млрд теңге

Жолдарды қалпына келтіру тұрғысында былтыр бірқатар шаруалар атқарылды. Мәселен, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 37,3 млрд теңге жұмсалған. Өсім – 12,0%. Оның ішінде 14,5 млрд теңгеге 514 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар ретке келтірілді.

Өткен жылғы маңызды жобалардың бірі – Қостанай әуежайындағы ұшып-қону жолағының қайта төселуі. Жасанды жолақтың ұзындығы 300 метрге (2 814 м) және ені 15 метрге (60 м) ұлғайтылды. Бұл әуеайлақта жалпы салмағы 200 тоннаға дейінгі ұшақтардың барлық түрін қабылдауға және пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша республика қалалары арасында жаңа ұшу бағыттары пайда болып, халықаралық қатынас орнатуға да кең жол ашылды. Ауданы 16,3 мың шаршы метр аэровокзал ғимаратының алдында әуе кемелерінің тұрағы үшін перрон салынды.

"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында 2019 жылы 19 көшені жөндеуге 658,0 млн теңге бөлінген. Тарқатып айтқанда: 3 көше – Әулиекөлде, 3 көше – Қарасуда, 5 көше – Федоровта, 1 көше – Сарыкөлде (бәрі аудан орталықтарында) 7 көше – Боровское ауылында. Барлық жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде күзгі тексеру қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 69,0% немесе 5 434 км жетті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 3 пайыз артық көрсеткіш.

Жалпылай алғанда, "Ауыл – ел бесігі" және "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламалары аясында 2020 жылы өңірдегі жолдарды жөндеуге 43,7 млрд теңге қаралған. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарға – 6,4 млрд теңге, облыстық маңызы бар жолдарға – 13,9 млрд теңге, аудандық маңызы бар жолдарға және елді мекендердегі көшелерге – 23,4 млрд теңге.

Биыл республикалық, жергілікті маңызы бар санаттағы жөндеу жүргізілетін автожолдардың жалпы ұзындығы – 9,5 мың шақырым. Оның басым бөлігі – республикалық жолдар. Яғни, 4 мың шақырымына құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жоспарланса, 1,5 мың шақырымы толық жөнделеді. Сондай-ақ, 4 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдар да дұрысталады.
Өзгелердің жаңалығы