Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елордада Наурыз мерекесін тойлау «Қайырымды істер» ұранымен өтеді.
Мерекенің қазіргі тұжырымдамасы аясында еріктілер мен белсенді қала тұрғындары көптеген акция, игі істер өткізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажеттігі туралы айтқан болатын.
«Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау - мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, жалпы қоғамның және әрбір азаматтың борышы. Біз өз халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды насихаттауымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажет. Бүкіл қоғамды біріктіретін құндылықтар қаншалықты көп болса, біздің бірлігіміз де соғұрлым күшті болады» деп атап өткен еді Президент.
Наурыз - жаңару, халықты бірлікке ұйыстыру мерекесі, сондықтан жұрт бірігіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуы керек.
«Игі істер» жалпыұлттық марафоны аясында елордалық еріктілер, меценаттар, кәсіпкерлер, белсенділер наурыз айынан бастап жалғызбасты зейнеткерлерге, қарт адамдарға, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға екі мыңнан астам азық-түлік себетін таратты. Қарлы күндері аулаларын қар мен мұздан тазартуға көмектесті. Іс-шаралардың бәрі санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі.
Бұл игі істер Наурыз мейрамын тойлау күндері де жалғасын табады. Сонымен мерекеге орай мыңға жуық азық-түлік себетін тарату жоспарланып отыр.