Бүгін блиц шахматтан 2 дүркін Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева мен анасы, әрі жеке бапкері Лиана Таңжарықова Астанаға келді, деп жазады BAQ.KZ.
Былтыр желтоқсанда Алматыдағы Әлем чемпионатында топ жарған спортшыны әуежайдан еліміздің Шахмат федерациясы өкілдері, БАҚ өкілдері, шахматтан Ұлттық құраманың бас бапкері Павел Коцур мен Спортты дамыту дирекциясының ресми өкілдері күтіп алды.
Журналистер сұрағына жауап берген шахматшы жоспары жайлы аз-кем айта кетті.
Биыл бірқатар маңызды жарыста өнер көрсетемін. Әлемдік Гран-Прилер сериясы, Әлем Кубогы мен Әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Алғашқы жарысым наурыздағы Гран-Придің келесі кезеңі. Сондай-ақ күзде Қытайда өтетін Азия ойындарына да қатысу жоспарда бар, - деді Бибісара Асаубаева.
2022-2023 жылғы маусымдағы әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-Приінің алғашқы кезеңі былтыр қыркүйекте Астана қаласында өткен. Таңдаулы 12 шахматшының арасында Жансая Әбдімәлік бесінші, ал Бибісара Асаубаева оныншы орынға тұрақтаған.
18 қаңтарда Қазақстан шахмат федерециясының съезі өтеді. Оған Ұлттық құраманың барлық шахматшысы қатысады.