Биыл Қызылорда облысында 645 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі

10 Маусым 2021, 13:32
3352
Бөлісу:
Биыл Қызылорда облысында 645 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

Оның сөзінше, биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінде, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 12,8%-ға өсім байқалады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндірісі 2,5%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 7,3%-ға өсті.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 62,5%-ға артты. 198 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық. Жыл ішінде жалға берілетін 945 пәтерлік 54 үй, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 үйдің құрылысын жүргізетін боламыз, - деп атап өтті Әбдіқалықова ОКҚ-да.

Облыс бойынша мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тағы 342 пәтер жеке құрылыс иелерінен сатып алынады.

Сондай-ақ 965 пәтерлік 44 ипотекалық үй және жеке инвесторлар тарапынан 248 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс салушылар, банктер және өзге де мүдделі ұйымдармен тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағыттарын, оның ішінде жеке тұрғын үй қорында кезекте тұрғандар үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізуді талқылаудамыз. Кезекте тұрғандар - 30 690 адам, - деп түсіндірді облыс әкімі.

Облыста жыл соңына дейін жеке тұрғын үй құрылысын қосқанда, шамамен 645 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарланып отыр. Бұл өткен 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық.

Өзгелердің жаңалығы