Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуы» туралы өткен онлайн брифинг кезінде ҚР БҒМ техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов айтты.
Биыл елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты талапкерлерді колледжге қабылдауда бірқатар өзгеріс болды. Алғаш рет құжаттарды қабылдау электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асты. Сондай-ақ абитуренттерге құжаттарды тікелей колледждерге тапсыруға да мүмкіндіктер жасалды. Осы жылы 152 мыңға жуық өтініш қабылданды. Құжаттар қабылдау кезінде емхана қызметіндегі шектеу шараларына байланысты медициналық анықтамаларды тапсыру уақытша тоқтатылды. Енді карантиннің жеңілденуіне байланысты емханалар өз жұмысын бастады. Осы рете ата-аналар мен студенттер оқу орнына қажетті медициналық анықтаманы ұсынулары қажет. Ол үшін колледжге міндетті түрде келудің қажеті жоқ – электронды пошта арқылы тапсыруға болады, - деді Ернат Жүнісов.
Оның айтуынша, биыл талапкерлерді қабылдау ерекше болған.
Биылғы жылғы қабылдаудың тағы бір ерекшелігі – абитуренттердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау және адамдардың көп шоғырлануын болдырмау мақсатында аттестаттың жиынтық конкурстық балы бойынша жүзеге асырылды. Барлық колледже қабылдау комиссиялары талапкерлердің міндетті пәндері мен бағаларын, сондай-ақ абитуренттер түсетін мамандыққа байланысты екі бейіндік пәнді көрсете отырып, талапкерлердің тізімін жасады. Конкурс ашықтығын қамтамасыз ету үшін тізім колледж сайттарында апта сайын жарияланып отырды, - деді Жүнісов.
Байқаудың ең жоғарғы көрсеткіші – медициналық және педагогикалық, өнер мамандықтары бойынша болды. Олардың орташа конкурсы 1 орынға 4 адамды құрады.
Биыл үздік аттестаттары бар педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің саны артты. Мысалы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында педагогикалық мамандықтар бойынша қабылданған студенттің бәрі үздік аттестат иегерлері. Бұл қуанышты жағдай. Себебі «Педагог мәртебесін» арттыру бойынша қабылданған мемлекетте қабылданған шаралардың оң нәтижесі, - деп атап өтті ол.
Биыл 148 мыңнан астам студент қабылданды. Оның 68%-ы 9-сынып базасында. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 94 770 адам қабылданды. Оның ішінде 16 мыңнан астамы еңбек бағдарламасы бойынша. Жалпы қабылдау 100% орындалды. Мемлекеттік тапсырыс негізінен сұрасқа ие мамандықтар бойынша қарастырылды. Атап айтқанда, 52,5% техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары, 17% қызмет көрсету саласы бойынша, 11%-ы байланыс саласы, педагогика салысы 10,6% құрады. Ақылы оқуға 57 мыңнан астам талапкер түсті. Басым көпшілігі экономика, құқық, педагогика және қызмет көрсету мамандықтары бойынша түсті. Квота арқылы 35 мыңнан астам студентке техникалық және кәсіптік білім алуға мүмкіндік жасалды.
Жаңа оқу жылында 787 колледж жұмыс істеуде. Онда 466 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оқу жылы қашықтан оқу форматында басталды. Колледждерде педагогикалық, экономикалық, IT, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтар бойынша 152 мыңнан астам студент 100% қашықтан оқып жатыр. Ал техникалық және аграрлық, медицина, өнер мамандықтары бойынша 300 мыңнан астам студент үшін теориялық сабақтар онлайн өткізілуде. Өндірістік жағдайлардың болуын қажет ететін мамандықтар бойынша кәсіптік практика штаттық режимде ұйымдастырылады. Дегенмен олар қараша айына шегерілді. Білім алушылардың сабақтарының ұзақтығы – 30-35 минут, - деді Ернат Жүнісов.