Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 1,2 трлн теңгеге 128 жоба іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды kursiv.kz.
Барлық жоба индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылады. Нәтижесі өндіріс көлемін 1 трлн теңгеге, экспортты $800 млн-ға арттыруға мүмкіндік береді. Шамамен 12 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеді ҚР ИИДМ министрі Бейбіт Атамқұлов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Нақты көлем индексі (НКИ) жыл сайын орташа 4,2%-ға өсіп, заттай көріністе 13,1-ден 19,7 трлн теңгеге артады. Биыл 8 айдың қорытындысында нақты көлем индексі 5,8%-ды құрады, – деді Атамқұлов.
Индустрияландыру картасының биылғы ең маңызды жобалары: Жәйрем ТКБК жаңғырту және байыту фабрикасы, Ақтоғай ТКБК қайта өңдеу қуатын кеңейту, Сарыарқа ферроқорытпа зауытының құрылысы, Петропавлда трансформаторлар өндірісін ашу, Шымкент қаласында алюминий банкалар өндірісі, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасы мен автокомпоненттер өндірісі бойынша локализациялық орталық ашу.
Аймақтан бойынша қарасақ, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында индустрияландыру картасы жобалары жақсы жүзеге асырылып жатыр. Шымкент қаласында –17 жоба, Қарағанды мен ШҚО-да 14 жоба қолға алынған.
Аталмыш жобалардың 107-сі өңдеу өнеркәсібіне қатысты. Бұл салада іске қосылады деп жоспарланған жобалардың жалпы құны – 923,2 млрд теңге. Қалған 15-і – эергетика саласына, алтауы басқа салалардағы жобалар.
Одан бөлек, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау және құрылыс саласында да жүзеге асырылып жатқан жобалар да бар.
Осы жобалардың ішінде қазіргі кезде 28-і іске қосылып, 3,5 мың жұмыс орны ашылған.