Астанада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумы басталды. Іс-шарада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, сізге ауыл шаруашылығы саласына жасап отырған қамқорлығыңыз бен қолдауыңыз үшін, еліміздің шаруашылықтары атынан зор ризашылық білдіргім келеді. Көрсетілген қолдаудың арқасында, биыл Қазақстан рекордтық 26,7 млн тонна астық жинады. 560 мың тоннадан аса күріш, 290 мың тоннадан астам мақта, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 3,2 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл - Қазақстанның ішкі нарық қажеттілігін жабуға және экспорттық әлеуетті көтеруге мүмкіндік береді, – деді министр Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында.
Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының орташа өнімділігінің жоғары болуы – мемлекет пен бизнестің бірлескен нақты нәтижесі.
Агротехнология сақтаған шаруашылықтарда өнімділік гектарына 20-дан 40 центнерге дейін жетті. Ал агротехнологияларды ұстанбаған көрші шаруашылықтарда бұл көрсеткіш гектарына 6 центнерден аспады. Бұл айырмашылықтар агросекторды одан әрі жаңғыртудың және бүкіл ел бойынша өндіріс жағдайларын теңестірудің маңыздылығын көрсетеді, - деді Айдарбек Сейпілұлы.